Ақсу қаласының тумасы студент-диджей Иманбек Зейкенов (DJ Imanbek) "Грэмми" сыйлығын жеңіп алды. Осылайша Grammy Awards тарихында "музыкалық Оскар" тұңғыш рет Қазақстанға бұйырды.
Иманбек Зейкенов америкалық SAINt JHN (Карлос Сент-Джон) әншінің "Roses" әніне ремикс әзірлегеннен кейін танымал бола бастады. Бұл трек әлемдік хит-парадтарда көш бастап тұрды. YouTube видеохостингінде DJ Imanbek нұсқасы бойынша дайындалған Roses музыкалық композициясының видеосын 234 миллион рет көрген.
Алайда Иманбекке "Грэмми" сыйлығын табыс ету рәсімін біршама күтуге тура келді. Салтанатты шара қаңтар айында өтуге тиіс еді, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты оның уақытын наурызға ауыстырды. Осы жылы музыкалық шоу аралас форматта өтті. Кей әншілер виртуалды байланысқа шықса, кей әртістер жыл сайынғы дәстүр бойынша өздерінің сәнді киімі және әсерлі әнімен таңғалдырды.
"Грэмми" мүсіншесін табыс ету рәсіміне қатысқан Иманбек, Бейонсе, Дуа Липа, Тейлор Свифт, Билли Айлиш, Лиззо, апалы-сіңілілі Хайм жайлы біздің суреттер топтамасынан көріңіз.
"Грэмми" (Grammy) — 1959 жылдан бері америкалық ұлттық дыбыс жазу өнері мен ғылымы академиясы (NARAS) табыстайтын музыка саласындағы беделді сыйлық. Сыйлық символы – граммофон.