16:52 05 Тамыз 2021
Тікелей эфир
  • USD424.02
  • EUR502.76
  • RUB5.82
Сұхбат
Қысқа сілтеме алу
5181 0 0

Бірнеше күн бұрын Түркістан облысында қайын апасы 40 жастағы келінінің бетін ыстық шанышқымен күйдіргені туралы ақпарат тарады. Оған келінінің газ плитасын жумағаны себеп болған. Осы жағдай көпшілік талқысына түсті

АЛМАТЫ, 22 шілде – Sputnik. Түркістан облысында қайын апасы мүгедектігі бар келінінің бетін ыстық шанышқымен күйдіргені туралы жағдай көпшілікті дүрліктірді. Артынша қатыгездікке барған қайын апасы қазақстандықтардан кешірім сұрады. Алайда бұл жағдайды өзгертпесі анық. Қауқарсыз әйелге қорған болып, отбасы ішіндегі жанжал мәселесін көтеріп жатқан белсенділер де бар. 

Sputnik Қазақстан үйдегі зорлық-зомбылық, себебі, қазіргі ене мен келін қарым-қатынасы жайлы отбасы психологтарынан сұрады. Сондай-ақ әлеуметтік желіде үн қосып, осы мәселені көтеріп жүрген белсенділердің пікірін жинақтады.

Қатыгездікті еш нәрсе ақтай алмайды

Әуелі Түркістан облысындағы жағдаймен желі арқылы таныс психолог Ержан Мырзабаевтың пікірін сұрадық. Ол ақыл-есінде ерекшелігі бар әйел бетіне шанышқы басқан кезде денесіне зақым келгенін білгенімен, психологиялық жақтан өзіне зиян тигенін білмеген болуы мүмкін екенін айтты.

"Әйелі мен күйеуінің ерекшелігі бар екенін, яғни ақыл-есі дұрыс дамымағанын оқыдым. Соған байланысты олар ненің дұрыс, ненің бұрыс болып жатқанын білмейді және өзін толыққанды қорғай алмайды", - дейді психолог Ержан Мырзабаев.

Психологтың сөзінше, бұл жағдай мүгедектігі бар әйелге бұған дейін де зорлық-зомбылық көрсетілгенін көрсетеді.

"Ол кісілердің ерекшелігін пайдаланып, қорлық көрсетілді деп айта аламыз. Өйткені кісінің зорлық-зомбылық көрсету "сатысы" бар. Әуелі дауыс көтереді, содан кейін айқайлау, итеру, ұру, одан кейін біз айтып отырғандай ауыр әрекетке барады. Ал бұл жағдайда "келін ешкімге ештеңе айта алмайды, өз-өзін қорғай алмайды. Сондықтан қалаған нәрсемізді істей береміз" деген ой тұр. Бұған көз жұма қараған кісілер де бар. Бұл адамдардың садистік әрекетке бейімі бар екенін көрсетеді. Олар, өкінішке қарай, ерекшелігі бар адамдарды пайдалана отырып, ішіндегі жағымсыз қасиеттерін шығарады", - дейді Ержан Мырзабаев.

Ал қатыгездікке барған адамдардың әрекетіне не себеп болуы мүмкін екеніне қатысты түрлі болжам айтуға болады. Алайда мұның себебін түсіндіру кезінде байқамай зорлық-зомбылықты ақтап алуға тырысып жатқандай боламыз. Балалық шағы қиын болған шығар, ата-анасынан көп таяқ жеген шығар, тұрмыста бақытсыз болған шығар... Бірақ ешбір себеп зорлық-зомбылық әрекетін ақтап ала алмайды!", - дейді маман.

Ене мен келін арасындағы келіспеушілік себебі неде

Алматы қаласындағы "Жан-Сая" зорлық-зомбылық көрген әйелдерді қорғау дағдарыс орталығының психологы Маржан Ізтілеуованың сөзінше, ене мен келін арасындағы келіспеушілікке бірнеше фактор әсер етеді. Біріншісі – келінді ұнатпау. Яғни қыздың сол үйге келін болып түсуіне баланың ата-анасы әуелден қарсы болып, қабылдағысы келмеуі. Олар соған сай харекет көрсетеді. Сондай-ақ ене мен келін арасында қарым-қатынастың қалыптаспауына қызғаныш та әсер етеді: анасы баласын қызғанады.

"Қазір енесімен тіл табыса алмаған келіншектер күйеуінен кетіп қалады. Кейде келіннің сол үйдің тәртібі не ережесіне үйрене алмауы себеп болады. Үйдегі жұмысқа ебі болмауы да әсер етеді", - дейді психолог.

Ал қайын әпке мен келін арасындағы қарым-қатынастың нашар болуына көреалмаушылық, қызғаныш себеп болуы мүмкін. Мұндай пікірді әдетте келіндер жиі айтады. Қайын әпкесі отбасы құрмаған болса, жаңа түскен келіннің көпшілік назарында жүргенін жақтырмайды.

"Зорлық-зомбылыққа келер болсақ, енесі өз енесінен көргенін келініне көрсетеді. "Менде де сондай болды, мен шыдадым" деген ұстанымда болады. Ер адамның да зорлық-зомбылық көрсетуіне сол әсер етеді: "менің анамды да ұрған. Ол кетіп қалмады, шыдады" деген оймен істейді. Отбасы моделі олар үшін осындай. Баланың психикасы 7 жасқа дейін қалыптасады. Ол сол уақытқа дейін нені көрсе, соны қайталайды", - дейді Маржан Ізтілеуова.

Бала өскен соң үйдегі жанжалды дұрыс деп қабылдап, бейсаналы түрде қандай да бір жәбірлеуші әрекетке барады.

Ешкімнің араласуға құқығы жоқ

Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, басты мәселе – отбасыдағы қарым-қатынас кезінде шекараны ескермеу. Ер мен әйелдің арасына ешкімнің араласуға құқығы жоқ. Қазір "ене мен келін" тақырыбының ушығып кетуінің басты себебі де осы.

"Бір жағынан баласын үйлендіріп жатыр, екінші жағынан баласына өзінің таңдауы мен пікірі жоқ адам ретінде қарайды. Егер үлкен буын жастарға еркіндік бермесе, бізде де Еуропадағыдай әр адам өз отбасымен бөлек тұратын болады. Қазір қыздардың тұрмыс құруға асықпауына осы жағдай себеп болып отыр. "Ата-енемен проблема болады, жүре берейін" дейді. Ал жігіттер "анама ол қыз ұнамай қалуы мүмкін" деп отбасы құруға асықпайды", - дейді психолог.

Оның сөзінше, жастардың өміріне араласу – бұрыннан қалған әдет. Мысалы, ертеректе жас бала 14-15 жасында шаңырақ көтерген. Оның ата-анасы да шамамен 30-35 жаста болады. Яғни 15 жастағы балаға бағыт-бағдар беру, бірге тұру қалыпты жағдай болатын. Қазір жастар 25-30 жаста үйленіп жатыр. Жоғары білімі бар, өмір көрген, табысы бар, көзқарасы қалыптасқан шақта үйленеді. Сол себепті өз ойын еркін айтып, өз бетінше шешім қабылдауға бейімделген.

Маржан Ізтілеуованың сөзінше, психологтың көмегіне жүгінетін әйелдердің басым бөлігі үйінде ешкім оның  ойымен санаспайтынын айтады.

"Бұл жерде менталитеттің де әсері бар. Барлық мәселені ер адам шешеді, әйел үйдің тұрмыс-тіршілігімен айналысады. Әйелдер соған жиі шағым айтады", - дейді маман.

Оның сөзінше, кейінгі кезде қайын ата мен келін арасындағы араздық мәселесі өршіп жатыр. Осыған байланысты психолог тәжірибесіндегі оқиғаны айтты.

"Ер адам өзінің көптен күткен жалғыз баласын келінінен қызғанған жағдай болды. Бала үйленгеннен кейін бәрі бірге тұрған. Келіні жаңадан босанған кезде үй тірлігіне үлгермей жүрсің деп сын айта берген. Әйел күйеуіне бөлек шығып көрейік дегенде, барлығын әкесі шешетінін айтып, қарсы болады. Ақырында екеуі ажырасып кетті. Бұл жерде ажырасуды қайын атасы ұсынған", - дейді психолог.

Маманның пікірінше, қалыптасқан стереотиптерден арылу үшін қазіргі қоғамға әлі біраз уақыт қажет.

Ашық сөйлесу керек

Психолог Ізтілеуова отбасы ішінде қандай да бір түсініксіз жайтқа байланысты ашық сөйлесуді ұсынады. Алайда қазақ отбасылар ішінде бұл өте сирек кездеседі.

"Бір-бірімен сөйлесіп, мәселені талқыламағандықтан, көп мәселе туындайды. Адам психологтың көмегіне өзгеру үшін жүгінгені жөн. Ал мәжбүрлі түрде келсе, бәрі қайталана береді. Курс, вебинарларға бармай-ақ үйде отырып шешуге болатын жағдай да көп. Алайда қазақ отбасыларда бір-біріне ашық айту өте аз, тіпті жоқтың қасы. Көп жағдайда үлкен кісі шешім қабылдайды. (...) Балабақшадағы баладан бастап пікірін сұрап үйрену керек, сол пікірмен санаса білу қажет", - дейді психолог.

Отбасы ішінде ер мен әйелдің ара қатынасына үшінші тараптың қосылуына ер адамның жауапкершілікті мойнына алмауы да әсер етеді.

"Ер адамдар психолог маманға мүлде келмейді. Ер баланы бізде жылама, ішіңдегіні айтпа, өзің шеш деп тәрбиелейді. Әйел адам сөйлегенді жақсы көреді. Айтып, жеңілдеп қалады", - дейді Ізтілеуова.

Жанжалға әкелетін жағдайлар

Психолог Маржан Ізтілеуова отбасы психологиясы бойынша тәжірибесінде жиі кездесетін жағдайларды атады:

  • Ер адамның әйелге қатысты зорлық-зомбылық көрсетуі;
  • Алып қашып, ешқайда кетіп қалмайтынына сенімді болу, қол көтеру;
  • Әйел адамға қол көтеру арқылы өзін мықты сезіну;
  • Ішімдік пен есірткіге байланысты жанжал;
  • Бірін-бірі түсінбеу, әйел пікірімен санаспау;
  • Қызғаныш;
  • Ата-ене және отбасының басқа мүшесімен тіл табыса алмау.

Адамды қорлау – қылмыс

Түркістан облысында болған жағдайды жариялаған журналист Гүлмира Әбіқай өзіне қыз-келіншектер тарапынан көп хат келетінін жиі жазады. Бұған дейін де бірнеше келіншекке көмек қолын созып, жағдайдың құқық қорғау органдары құлағына жетуіне себепкер болып жүрген Әбіқай бұл жағдайға байланысты да пікір білдірді.

"Маған хат көп келеді, жас келіндер мен қыздар сырын бөліседі, кеңес сұрайды. Кейде "енем ұрды, қайын атам тепкіледі (тиісті), қайын бикем шашымнан жұлды" деп жазады. Оқимын да құдай сақтасын, мүмкін емес шығар, мал құлағы саңырау деп жаба саламын. Оның үстіне қазақ десе өзіме тиеді. Ал мынаны жасыра алмадым. Бұл отбасылық кикілжің емес! Адамды қорлау – қылмыс", - деп жазды журналист.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Гульмира Абыкай (@gulmir_ktk)

Бұған дейін де ене мен келін тақырыбында ой бөлісіп жүрген әнші Меруерт Түсіпбаева да үнсіз қалмады. Ол келінінің бетіне қызған шанышқыны басқан қайын апаны жазалауды талап етті.

"Мен жақында ғана біздің еркелетіп өсірген қыздарымызды күң қылатын қайын жұрт туралы жаздым. Пікір 50:50. Маған негатив жазғандар болды. Ал енді осы тақырыпты қалай қозғамайын?! Мынау екінші фотодағы қайын апасы вилка қыздырып келінінің бетін қарыпты. Бұл не қылған жауыздық десеңші, а?! Міне, келін-қайынжұрт тақырыбы осындай! Бағила деген сұмырайды аямай соттап, басқа қайын апалар келіндеріне жоламайтындай қылу керек! Жазалау керек!", - деп жазды Түсіпбаева.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Меруерт Түсіпбаева (@meruert_tusupbaeva)

Оның алдында әнші өзінің бір кездері Сарыағашқа келін болып түскендегі оқиғасын мысал етіп, келін түсірген соң олармен бірге тұрмайтынын айтқан.

"Жаңа ғана отбасын құрған екі жас, өздерімен өздері болып, бір-бірімен тіл табысу керек. Жоқ! Бізде келінді құң қылып, екі жастың ортасына килігіп, жаңа өмірге, жаңа үйренісіп жатқан жастардың есін шығарады. Ол – қате!", - деп жазды ол.

Бетін ыстық шанышқымен күйдірген

Бірнеше күн бұрын Түркістан облысында қайын апасы 40 жастағы келінінің бетін ыстық шанышқымен күйдіргені туралы ақпарат тарады. Оған келінінің газ плитасын жумағаны себеп болған.

Туыстарынан жәбір көрген Гүлзира Баударбекова есімді келіншектің туғаннан ақыл-есінде ерекшелігі бар. Ата-анасынан жастай жетім қалған. Өзі секілді жарымжан жігітпен бас қосты, 2 баланы дүниеге әкелген.
Қайын апасы қатыгездік танытқан күні сол үйге жәбір көрген Гүлзираның сіңлісі келіп қалған. Әпкесінің жағдайын көріп, балаларымен бірге алып кеткен.

Артынша келінінің бетіне шанышқы басқан Бағила есімді қайын апасы видео жариялап, мұндай әрекетке ашу үстінде барғанын айтты.

"Келініме вилка басқан кезде байқамай қалдым. Ыза-күйікпен, ашуланып істедім. Шешем газ плитаны жу деген екен, "неге соны жумайсың, жуа салмайсың ба?" дедім. Газ плитаға вилканы қалай қыздырып басқанымды өзім білмей қалдым. Қазақстан халқынан, көріп отырған көрерменнен кешірім сұраймын. Енді мұндай қайталанбайды", - деді Бағила Кәрібай.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Гульмира Абыкай (@gulmir_ktk)

Істің мән-жайын полиция анықтап жатыр. Түркістан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, Отырар ауданы полиция басқармасына бұл жайт бойынша арыз түспеген.

Тақырып бойынша

"Жек көрініп қалатыны бар" Гүлзира Айдарбекова келіні Жұлдыз туралы шындықты айтты
Енесінің қорлығына төзе алмаған келін көпірден секіріп кетті: оқиғаның мән-жайы
Желіде видео тарады – келінінің бетін күйдірген қайын апа жұрттан кешірім сұрады
"Келін тамақ істемей қойды": қарттар үйіндегі ардагер ананың әңгімесі
Павлодарда аса ауыр қылмыс жасаған атасы мен келіні ұсталды
Загрузка...

Басты тақырып