Тоқаев көмекшісімен сұхбат: "Қарин достарының клубы" және саяси реформалар жайлы

© Sputnik / Владислав ВодневЕрлан Карин встретился с представителями СМИ
Ерлан Карин встретился с представителями СМИ - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2021
Жазылу
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру кезінде оның құрамына әлеуметтік желіде 10 мыңнан "лайк" жинаған қоғам белсенділерін алу ұсынылған. Президент көмекшісі Ерлан Қарин бұл идеяны қолдамады

НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым — Sputnik. Екі жыл бұрын жаңадан сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы жарлыққа қол қойды. Сол шақта аты дардай жаңа органның атқаратын қызметі мен билік пен қоғам арасындағы диалог орнату тәсілдері сарапшылар арасында қызу талқыға түсті.

Бес отырыстың қорытындысы бойынша елде 17 заң, президенттің үш жарлығы мен 18 қаулысы, министрліктердің 29 бұйрығы қабылданды.

Ұлттық кеңестің бастамасынан кейін митингтер туралы алдын ала хабарлау, жаңа құрылған партияны тіркеу кезіндегі кедергілерді азайту, шетелдіктерге жерді сатуға тыйым салу сынды маңызды шешімдер қабылданды.

Қоғамдық сенім кеңесі осы екі жылда неге қол жеткізді, кеңеске тек таңдаулылар мүше бола алатыны рас па, президенттің Ұлттық кеңес жайлы ойы қандай – Sputnik Қазақстан қойған осы сұрақтарға Тоқаевтың көмекшісі, Ұлттық кеңес хатшысы Ерлан Қарин жауап берді.

Ұлттық кеңес – бұл ток-шоу емес

- Ерлан Тынымбайұлы, Ұлттық кеңес құрылған шақтан бері ел арасында оны "Қарин достарының клубы" деп атайды. ҰҚСК барлық дерлік мүшесінің сіздің жақын таныстарыңыз екенін қалай түсінуге болады?

- Мен 1999 жылдан бері, 23 жасымнан бастап қоғамдық-саяси алаңда қызмет етіп келемін. Қоғам белсенділері, оппозиционерлер, азаматтық белсенділер, құқық қорғаушылардың алдыңғы легімен де, азаматтық белсенділер және сарапшылардың кейінгі легімен де таныспын.

Мемлекеттік қызметке дейін мен қоғамдық алаң мен сараптамалық ортада қызмет еттім, аналитикалық ұйымдарда, өңірлерде, партиялық құрылымдарда, телеарнада жұмыс істедім. Әрине, мен көп адаммен өзара байланыста болдым.

Сондықтан Ұлттық кеңес қандай құрамда жасақталса да, ол бәрібір "Қарин достарының клубына" айналар еді. Оппоненттер мен сынаушылар да бар, бірақ басым бөлігімен достық қарым-қатынастамын. Бүгінде ҰҚСК құрамында 46 адам бар.

- Біраз бұрын Ұлттық кеңесте ротация өтті. Мысалы, оның құрамынан Мұхтар Тайжан, Данияр Әшімбаев шығарылды. Сіз ҰҚСК күн тәртібі жаңарып отыруы үшін жаңа белсенділер келуі керек екенін айттыңыз. Ендеше Ұлттық кеңес мүшелерін неге қазақстандықтардың өздері сайламайды?

- Ұлттық кеңес жаңадан құрылып жатқанда осындай ұсыныс болды. Мысалы, әлеуметтік желіде он мың "лайк" немесе дауыс жинағандар ҰҚСК-ке мүшелікке өтсін деген ұсыныс айтылды. Алайда өңірлердегі қоғам белсенділері мұндай дауыс жинай алмас еді. Сондықтан ол идеяны қолдамадық.

Ұлттық кеңес құрамын қалыптастыру мәселесімен айналысқан кезде пікірталастар болды. Біз түрлі форматты, дауыс беру әдістерін де талқыладық. Мен қатаң талаптарды бекітуден бас тарттым.

Біз екі мәселені басшылыққа алдық: біріншіден, бұл жай ғана танымал адам емес, расында да белсенді қоғам қайраткерлері болуы керек. Бізде белгілі бір мәселе туындағанда ғана бас көтеретін белсенділер бар. Ол тақырып төңірегіндегі шу басылса, олар басқа мәселеге ауысады. Бізге мұндай тұрақсыз "батырлар" қажет емес.

Екіншіден, біз сарапшылық мәнге көңіл аудардық. Яғни сарапшының көпжылдық тәжірибесі болуы, кез келген мәселе бойынша емін-еркін талдау жүргізе алуы маңызды болды.

Мен ҰҚСК жұмысын ресмилендіргім келмейді. Біз оның құрамы, квота, қатынасы бойынша қандай да бір механизмдер енгізсек, ол мемлекеттік құрылымның көшірмесіне айналады. Оның қызу пікірталас алаңы қалпында қалғаны дұрыс. Бізде ротация үнемі жүреді. Бұл ҰҚСК-ке жаңа идеялары бар басқа да әріптестеріміз кіруі үшін қажет.

- Сіздің ойыңызша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің негізгі міндеті не?

- Біздің елімізде өркениетті азаматтық және саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал етуі мен үшін Ұлттық кеңестің құндылығы болып табылады. Мұндай қоғамда өзара сыйластық пен сындарлы диалог мәдениеті жоғары тұрып, нақты шешім ұсыну басты міндетке айналады.

Ұлттық кеңес – бұл жалған пікірталастарға арналған ток-шоу емес. Біз үшін шынайы талқылаулар, нақты шешімдер маңызды. Ұлттық кеңес қоғамдағы модернизацияланған күн тәртібіне қолдау көрсетіп, оның тұрақты сақталуын қамтамасыз етіп келеді.

- Ұлттық кеңес жұмысына президенттің көңілі тола ма?

- Осы жылдың ақпанында өткен бесінші отырыста президент Ұлттық кеңес диалог алаңынан жаңа реформалар ұсынатын қоғамдық платформаға айналғанын айтты. Менің ойымша, бұл ҰҚСК тиімділігіне берілген ең маңызды баға.

Қандай саяси реформалар іске асты

- ҰҚСК отырысының күн тәртібін президент әкімшілігі белгілей ме?

- Жоқ, оны Ұлттық кеңес мүшелері анықтайды. Олар чатта немесе басқа да отырыс барысында талқылап, түрлі тақырыптарды ұсынады да, кейін дауыс беру арқылы күн тәртібіне енетін мәселені анықтайды. Жұмыс топтары өкілдерінің баянадамалары да дәл осылай анықталады.

Мысалы, саяси модернизация бойынша жұмыс тобы бар. Олар алдымен спикерді таңдайды. Содан кейін оған өз ұсыныстарын, тезистерді жолдайды. Бірнеше рет талқыланатын ұсыныстар пакеті дайындалады. Одан кейін спикер сөз алып, бүкіл жұмыс тобының бастамаларын баяндайды.

- ҰҚСК алаңында маңызды саяси бастамалар бірнеше рет айтылды. Олар "саяси реформалардың үш пакеті" түрінде рәсімделді. Осының ішінде қайсысы іске асты, қайсысы орындалмады?

- Жалпы саяси реформалар бойынша он заң қабылданды. Бұл өте ауқымды жұмыс. ҰҚСК хатшылығы олардың іске асырылуын бақылауда ұстап отыр.

Саяси реформалардың алғашқы пакеті толығымен жүзеге асырылды. Оған митингтер жайлы алдын ала хабарлау, саяси партия құру кезіндегі жиналатын қол санын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету, партиялық тізімде әйелдер мен жастарға 30% квота бөлу, өлім жазасын алып тастау, парламенттік оппозиция институтын енгізу және жала жабуды қылмыс деп танымау сынды бастамалар кіреді.

Қазір екінші және үшінші пакет бойынша негізгі бастамалар іске асырылды. Жақында президент бірнеше бастаманы қамтитын заңға қол қойды. Ол – мәжіліске өту шегін 7%-тен 5%-ке дейін төмендету, сайлау бюллетеніне "Бәріне қарсымын" тармағын енгізу, ауыл әкімдерін тікелей сайлауға қатысты нормалар мен механизмдер.

2021 жылдың соңына дейін үш пакет те толық жүзеге асырылады деп ойлаймын. Бес отырыстың қорытындысы бойынша елде 17 заң, президенттің үш жарлығы мен 18 қаулысы, министрліктердің 29 бұйрығы қабылданды. Орталық мемлекеттік органдар мен мәжіліс қарауында тағы 16 заң жобасы жатыр.

Барлық өзгеріс ауқымды мәнге ие екенін кезекті рет атап өткім келіп отыр.

Жаңалықтар
0