"Жүгіріп барып, бетінен бір ұрдым": қазақстандық контр-адмирал ашық сұхбат берді

Контр-адмирал Ратмир Комратов
Контр-адмирал Ратмир Комратов   - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.05.2021
Жазылу
Еңгезердей жігіт газтұтқышты демді шығармай кие салды. Сол кезде шынысы буланып кетті. Ол көз алдында бу емес, түтін деп ойлап, үрейге салынды. Жүгіріп бардым да, бетінен бір ұрдым. Газтұтқышты шешіп, қайтадан киюге бұйрық бердім, дейді контр-адмирал Ратмир Комратов

НҰР-СҰЛТАН, 7 мамыр — Sputnik. Ратмир Комратов командалық жұмыстың маңыздылығын жақсы біледі. Себебі он жыл бойы ядролық оқтұмсықтары бар атом сүңгуір қайығында қызмет етті. Артынан Қазақстанның әскери-теңіз күштерін құруға атсалысты. Биыл 70 жасқа толатын контр-адмирал әлі күнге дейін қорғаныс саласында еңбек етіп келеді. Ратмир Әлімханұлы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында әскери-теңіз күштері мен армияның дайындығы жайында айтып берді.    

 - Ратмир Әлімханұлы, сіз әскери-теңіз күштерінің барлық сатысынан өттіңіз деуге болады. Сүңгуір қайықта қызмет етіп, дивизион командиріне дейін өсіпсіз. Ал Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін әскери-теңіз күштерін құруға атсалыстыңыз. Әскери салаға қалай келдіңіз?

- Әкем Әлімхан бірнеше соғысқа қатысқан. Қазір ол туралы тарихи деректерді жинап жүрмін. Кітап жазатын ойым бар. Бірақ әкем бізге соғыс жайында көп әңгіме айтпайтын. Оған уақыт та болмады. Менің кішкентай кезімде қалалық коммуналдық шаруашылықты басқарды. Одан кейін Шымкентке ауысып, қалалық атқару комитетінің төрағасы болды. Бізбен сөйлесуге де уақыты болмайтын. "Әскери салаға бар!", - деп айтқан емес. Мен өзім спортпен айналыстым. Баскетбол командасының капитаны болдым. Артынан Қазақстанның құрама командасына қабылдады. Ал 1968 жылы Киев қаласына юниорлар жарысына барғанда бір кісі бізге Севастополь жоғары әскери-теңіз инженерлік училищесіне түсуге ұсыныс жасады. Бәріміз есеңгіреп қалдық. Осылайша Тараздан 18 адам болып бардық. Олардың ішінен үшеуі ғана училищеге түсті. Өйткені іріктеу кезінде үміткердің біліміне ғана емес, физикалық дайындығына да баса назар аударылды.

- Оқудан кейін он жыл бойы атом сүңгуір қайықтарында жүрдіңіз. Алдымен Камчатканың әскери флотилиясы, одан кейін Тынық мұхиты флотында қызмет еттіңіз. Ядролық оқтұмсықтары бар атом сүңгуір қайығында офицерлерге қандай талаптар қойылды?

- Жалпы атом сүңгуір қайығында топ және дивизион командирі болу оңай емес. Бұл – өте жауапты қызмет. Оған үлкен дайындық қажет. Мәселен сүңгуір қайыққа келген офицерге үш ай беріледі. Осы уақыттың ішінде емтихан тапсырып шығу керек. Біздің кезімізде 300 сұрақ болған. Сосын комиссия мүшесі бір парақ қағазға ядролық реакторды сызып беруді сұрауы мүмкін. Оған да дайын болу кажет. Әрбір құрал-жабдықтың техникалық сипаттамасын жатқа білу керек. Себебі бір нәрсе істен шықса, шұғыл жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру – командирдің міндеті.  Мен алдымен қашықтан басқару тобын басқардым, турбиналық топқа жетекшілік еттім. Алты жылдан кейін ғана дивизион командирі қызметіне тағайындады.

- Сүңгуір қайықпен алғаш рет теңіз тұңғиығына түскеніңіз есіңізде шығар. Қорыққан жоқсыз ба?

- Иә, ол күнді ешқашан ұмытпаймын. Экипаж қайықтың үстінде сапқа тұрды. Одан кейін жалау көтерілді. Бәріміз нұсқау алдық та, қаз-қатар сүңгуір қайықтың ішіне түстік. Осылайша 120 адамнан тұратын экипаж бір-бірден секіріп, әрбіреуі өз орнына барып жайғасты. Әрине, бәрімізде қорқыныш болды. Бірақ оны ешкім білдірген жоқ. Ессіз адам ғана қорықпайды. Команданың дайындығына сенім болады ғой. Дегенмен үміт пен күдік аралас көңіл-күйге түсесің. Кенеттен бірдеңе болып қалса, үйге ораламыз ба, жоқ па, оны да ойлайсың. Өйткені темір корпустың ішінде неше түрлі жағдай болуы мүмкін. Өрт шықса, тірідей жанып кетесің. Су кірсе, батасың. Май немесе бу құбырлары жарылуы мүмкін. Дегенмен осы ойдың бәрін сыртқа шығармауға тырысасың. Оны жеңіп отыру қажет. Әйтпесе, санаңды да, қолыңды да тұсаулап тастайды. 

- Штаттан тыс жағдайлар болды ма? Есіңізде қалған оқиғаларды айтып берсеңіз?

- Сүңгуір қайықта әскери қызметкердің төзімділігін тексеретін арнайы дайындық болатын. Бұл – өте қажет шара. Командир болып жүргенде жарықты сөндіріп қоямын да, клапанды ашып-жабуға, тыныс алу аппаратын қосуға немесе өрт қауіпсіздігі ережелерін орындауға бұйрық беремін. Соның бәрін қараңғыда жүріп жасадық. Алайда апатты жағдай ылғи аяқ астынан болады ғой. Барлығы өз орнында отырса, қорықпайсың. Команда болып жабылып, істеп тастайсың.

Бір жолы адам аз кезде бірдеңе тарс етті. Сөйтсек, автономды турбогенератордың қалқаны өртеніп жатыр екен. Дабыл қағылды. Бәріміз қорғаныс құралдарын кие бастадық. Газтұтқышты демді шығарып тұрып киеді. Әйтпесе шынысы буланып кетеді. Ал бізбен болған еңгезердей бір жігіт демді шығармай, кие салған ғой. Сол кезде шынысы буланып кеткен. Ол көз алдында бу емес, түтін деп ойлап қалып, үрейге салынды. Содан қатты қорқып, бір бұрышқа барып тығылды. Бұған дейін штаттан тыс жағдайда өзі жылдам әрекет ететін, бізге талай рет көмектескен. Осы жолы кәдімгідей сасқалақтап қалды. Мен жүгіріп бардым да, бетінен бір ұрдым. Газтұтқышты шешіп, қайтадан киюге бұйрық бердім. Сөйтіп, екеуіміз отырған жерді толығымен жауып тастадық та, өртті өшірдік. Сүңгуір қайықты судың бетіне шығаруға тура келді. Жөндеу жұмыстарын өткізіп, қайтадан қызметімізге кірістік. Бұған дейін мені Қызыл Жұлдыз орденіне ұсынған ғой. Бірақ сапардан келгесін министрліктің орденді бермеуге шешім қабылдағанын естідім. Жарайды, ештеңе етпейді. Орден алмасам да, Камчаткадан екі бөлмелі пәтер берілді. Ол да үлкен жетістік еді. 

- Сүңгуірлердің өз ырымдары бар шығар?

- Қайыққа кіргенде оң аяқпен аттау сияқты жалпыға ортақ ырымдар бар. Менде қолсағатқа қатысты бір ырым болған. Сағаттың кішкентай және үлкен тілі көрсетіп тұрған сандарды қосқанда жұп сан шықса, бәр жақсы болады. Ал тақ сан шықса, барынша сақтану қажет. Менде ол ырым әлі де бар. Дегенмен тақ сан шығып тұрса да, діттеген мақсатқа жетуге тырысамын. Адам үнемі өзін-өзі қамшылап отыруға тиіс. Әрине ырым күш береді. Адам жасаған ісіне сенімді болады. Алайда ырым басқа белгі беріп тұрса, мәселені шешудің өзге жолдарын іздей бастайсың. Қауіптенесің, барынша сақтануға тырысасың. Мысалы мен тас жолмен жүріп келе жатқанда қарсы алдымнан көлік шықса, қалай әрекет ететінімді ойлап отырамын. Сөйтіп, ылғи өзімді қиын жағдайға дайындап жүремін. Ал, ең бастысы, осы қиын жағдайдан қалай шығамын, осыны ой елегінен өткізіп тұрамын. Бұның барлығын сүңгуір қайықта жүргенде үйрендім. Мен әлі күнге дейін сүңгуір қайықтағы қызметті еске алсам, бойымда бір энергия пайда болады.

- Атом сүңгуір қайығында жұмыс істегеніңізді құпияда ұстаған шығарсыз?

- Иә, бізді еңбек демалысына жібергенде ескерту жасайтын. Атом сүңгуір қайығында жұмыс істеп жүргенімізді айтпау керек. Мен біреу сұраса, ішкі істер органдарында істеймін деп айта салатынмын. Себебі шетелдік барлау қызметі бәрін біліп алуға тырысты. Бәлкім, біздің кураторларымыз кей кезде асыра сілтеген шығар. Дегенмен сақтық шараларын назарда ұстадық.

- Ратмир Әлімханұлы, екі жылдан кейін Қазақстан әскери-теңіз күштерінің құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыттың ішінде не жасалды? Басты жетістіктерді атап берсеңіз?

- Мен әскери-теңіз күштерін құруға атсалысқаныма қуанамын. Барлық офицер мен теңізшіге алғысым шексіз. Өз еліне, ісіне адал, нағыз патриот адамдармен жұмыс істедім. Әрине бас кезінде оңай болған жоқ. Барлығы бірдей ол идеяны қолдаған жоқ. Президент айқаннан кейін ғана қолға алынды. Алайда президенттің өзіне жету, оған сол идеяны жеткізу жолында біраз қиындық көрдік. Жалпы Қазақстанда әскери-теңіз күштері екі рет құрылған. Алғашқыда оны шекара қызметіне тапсыруға шешім қабылданды. Өйткені Каспий теңізіндегі шекараны күзету керек.  Артынан Батыс әскери округы құрылғанда тағы әскери-теңіз күштерін жасақтау мәселесі көтерілді. Бас қолбасшы келісті. Сөйтіп, округтың негізінде әскери-теңіз күштері құрыла бастады. Шыны керек, осы бастаманы екінші рет іске асыру өте қиын болды. Себебі жағалаудағы инфрақұрылымдар, тыл жағынан қамтамасыз ету жүйесі, ғимараттар шекара қызметіне өтіп кеткен. Дегенмен флот құрылды. Кемелерді де құрастыра бастадық. Осылайша Қазақстан кеме жасайтын мемлекетке айналды. Бұл – үлкен жетістік. 30 жылда біраз жұмыс атқарылды. Дегенмен тоқмейілсуге болмайды. Шаруа көп. Инфрақұрылымды әлі де дамыту қажет. Бүгінде барлық кемеге қызмет көрсететін орын жасақтау жоспары бар. Ол жерде әскери кемелерге де, азаматтық кемелерге де қызмет көрсетіледі. Өйткені жанар-жағармай құю керек, жөндеу жасау қажет және тағысын тағы.

- Сіз әскери-теңіз күштерінен кейін қорғаныс министрінің орынбасары болдыңыз. Қару-жарақ пен қорғаныс өнеркәсібі саласымен тығыз жұмыс істедіңіз. Демек осы саланы бүге-шүгесіне дейін білесіз. Қазақстандық армияның материалдық-техникалық жағдайына қандай баға берер едіңіз? 

- Бүгінде әскерге ішкі жалпы өнімнің 1 проценті ғана бөлінеді. Дегенмен Қазақстанның армиясы заман талабына сай қару-жарақпен қамтамасыз етілген. Қазақстанда әскери техника жөнделеді және жаңартылып тұрады. Кеме жасаймыз, тікұшақ құрастырамыз. Ал, ең бастысы, біздің армиямызда патриот азаматтар көп.  Мысалы халықаралық жарыстарда әскерилер жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Танк биатлоны болсын, теңіз биатлоны болсын, алдыңғы қатардан көрініп келеміз. Иә, техника жағынан мықты мемлекеттерге жетпейтін шығармыз. Дегенмен әскерилердің дайындығы мен шеберлігі арқасында техниканың кемшілігі де білінбей қалады. Сарбаздар өз Отаны мен туған жері үшін жанын беруге дайын. Біз кез келген қарсыласқа төтеп бере аламыз. Әрине артынан ұжымдық қауіпсіздік күштері де қосылады. Өйткені Қазақстан бірнеше ұйымға кіреді. Соның аясында өзара көмек пен қорғанысқа басымдық берілген.

- Сонда қаржыландыру көлемі ұлғайса, одан да жақсы болады дейсіз ғой?

- Әрине, ақша көп болса, армияның материалдық-техникалық жағдайы жақсарады. Меніңше қосымша қаржыландыру көздерін қарастыруға болады. Мәселен казино және тағы басқа ойын-сауық орындарынан, сосын арақ пен темекіден түсетін табыстан 2 проценттік салықты қорғаныс саласына аударса, біраз ақша жиналатын еді. Бюджетке де салмақ салмаймыз. Әрине әскери мамандарды даярлау жүйесін де өзгерту керек. Бұрынғы әдіс-тәсілдерден бас тарту қажет. Сосын армияны түсінбейтін адамдар да бар ғой...

- Армияда болмағандарды айтып отырсыз ба?

- Иә, ондай адамдар бар. Себебі армияда болмаған. Жоғары мемлекеттік лауазымды атқарса да, армияны білмейді. Былай ғой, қоғамда бірдеңе жасайтындар және бақылап тұратындар болады ғой. Бақылайтындар қарап тұрады да, сын айтады. Ал бірдеңе жасайтындар жұмыс істейді. Қорғаныс министрлері бәрін жасауға тырысып келеді.

- Армия демекші, жылда әскерге шақырылған жастардың қашқаны туралы естіп жатамыз. Биыл да әлеуметтік желіде бірнеше видео тараған. Сонда жастар арасында патриотизм төмендеп бара ма?

- Жоға, республика бойынша мыңдаған адамды әскерге шақырып жатқанда үш адамның қашып кеткені трагедия емес қой. Ондай жағдайлар болады. Оларға дұрыс тәрбие бермеген. Бірақ қазіргі жастардың денсаулығы нашарлады. Оны ашық айту керек. Проблема бар. Біздің кезімізде бәрі тегін болды ғой. Баскетбол, волейбол, кез келген үйірме ақысыз қызмет көрсетті. Қазір олай емес. Бәріне ақша төлеу керек. Ал ата-аналар ақшаны үнемдейді. Оған қоса, интернет пен ұялы телефоннан басымызды көтере алмай қалдық. Иә, ол да керек. Дегенмен спортты ұмытпау қажет. Жастарға айтарым сол, денсаулыққа көбірек көңіл бөліңдер. Вакуумда өмір сүрмеңдер. Алдарыңа мақсат қойыңдар. Соған жетуге тырысу керек. Уақытты текке өткізбеңдер.

- Контр-адмиралға дейін қалай өсуге болады?

- Мен адмирал боламын деп ойлаған да жоқпын. III рангтағы капитанға дейін жетуге тырыстым, болды. Енді қарасам, контр-адмиралға дейін көтерілдім. Адал қызмет ету керек. Жұмысқа беріліп істеген жөн. Бірақ мен отбасы мен балаларға аз көңіл бөлдім. Осыны мойындау қажет. Сондықтан еліңе, отбасыңа қызмет етсең, Жаратушы ризашылығын аямайды. Кез келген жағдайда таңдау болады. Солға барсаң, анау болады, оңға бұрылсаң, мынау болады деген сияқты, адам өзі таңдайды. Дегенмен жетелеп жүретін бір күш бар.

- Контр-адмиралдың жасаған қателіктері көп пе?

- Контр-адмиралға дейін курсант болдық. Бұзықтық та жасадық. Офицер шенін алдық. Бірақ бара-бара жауапкершілік артады, отбасы үшін, қол астыңдағы адамдар үшін, ел үшін жауапкершілік болады. Ал ондайда қателік жасауға болмайды. Өзіңе шектеу қоя бастайсың. Мысалы мен өзім 32 жаста басшылық қызметке тағайындалдым. Содан бастап жауапкершіліктің жүгі арта бастады.

- Отан қорғаушы күніне орай қандай тілек айтасыз?

- Мен барлығын Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығымен құттықтаймын. Әсіресе ардагерлерді ерекше құттықтағым келіп отыр. Олардың арқасында армия мен теңіз флоты құрылды. Қазіргі генералдарға, адмиралдарға, офицерлерге, келісімшартпен қызмет ететін әскери қызметшілерге, матростар мен сарбаздарға мықты денсаулық және амандық тілеймін. Ал әскери қызметке барғысы келетіндерге мақсат қоя біліңдер және сол мақсатқа жетіңдер дегім келеді.

- Әңгімеңізге рақмет!  

Жаңалықтар
0