НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз — Sputnik. Келесі айдың соңында коронавирусқа қарсы "QazCovid-in" атты қазақстандық вакцинаны сынақтан өткізу мерзімі аяқталады. Сол кезде оны жаппай шығаруға қажетті құжаттар да дайын болады деген жоспар бар. Ал клиникалық зерттеулер кезінде отандық екпе үш мыңнан астам еріктіге салынды. Олардың ішінде Қазақстанның ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының орынбасары, профессор Ләззат Ералиева да бар. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген ғалым сынаққа не себепті бірден келіскенін және отандық вакцинаның ерекшелігі туралы айтып берді.
Вакцина шығарған ғалымдарды білемін
"COVID-19 пандемиясы басталғанда мен осы проблеманы шешудің екі-ақ жолы бар екенін анық білдім. Біріншісі – вирусқа қарсы тиімді медициналық препарат, екіншісі – вакцина. Өкінішке қарай, коронавирусты емдеу кезінде бірде-бір дәрі коронавирусты тиімді емдей алмады. Қазіргі кезде ондай препарат жоқ. Артынан вакцина да шықты", - дейді Ералиева.
Профессор отандық "QazCovid-in" вакцинасын сынақтан өткізу шаралары басталған бойда ерікті түрде екпе салғызуға келісті.
"Ресейлік вакцина әлі келмеген. Ал қазақстандық екпені сынақтан өткізуді бастаған болатын. Мен бірден өзіме салғыздым. Вирусқа қарсы иммунитеттің болғанын қаладым. Әрине, вакцинаға да сендім. Өйткені оны шығарған Биологиялық қауіпсіздік институтының қызметкерлері де барлығы бірдей өздеріне екпе салғызды. Сосын мен ол вакцинаны шығарған адамдарды жақсы білемін. Олар ғылымға қатты берілген, өз ісін жақсы біледі", - деп атап көрсетті Ералиева.
Қазақстандық және ресейлік вакцинаның айырмашылығы неде
Профессор Ералиева коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны салғызудың тағы бір себебін атады. Оның айтуынша, "QazCovid-in"-нің технологиясын әлем бойынша 80 жылдан астам уақыт бойы қолданып келеді. Соның негізінде басқа вакциналар да шығарылады.
"Бұл жаңа бір әдіс емес, РНК-вакцина да емес. QazCovid-in – ол инактивті вакцина. Ондай технологияны әлем бойынша басқа вирустарға қарсы кеңінен қолданады", - деді Ералиева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.
Осы орайда ғалым қазақстандық және ресейлік вакцинаның айырмашылығын түсіндіріп берді.
"Олардың технологиясы екітүрлі. Мәселен, біздің вакцинамыздың құрамында инактивті вирус бар. Ғалымдар коронавирустың штамын алып, арнайы химиялық әдіспен барынша әлсіз қылған. Былайша айтқанда, инфекцияның күшін азайтқан. Ал оны вакцинамен ағзаға салғанда вирус тарамайды, бірақ антиденелер бөліне бастайды. Осылайша, иммунитет қалыптасады", - деп атап көрсетті Ералиева.
Ал ресейлік вакцина векторлық екпе болып саналады. Себебі аденовирустар вектор, яғни, вирусты ағзаға жеткізуші рөлін атқарады. Ол үшін аденовирусқа коронавирустың бір бөлшегін ғана "мінгізеді" де, вакцинамен ағзаға енгізеді. Аденовирустар оны жасушаларға жеткізгеннен кейін антиденелер, яғни, инфекцияға қарсы иммунитет қалыптасады. Қазақстандық және ресейлік вакцинаның ұқсастығы бар, екпе екі рет салынады.
"Вакцина салғанымды ұмытып кеттім"
"Мен өзім вакцина салғызғаннан кейін ешқандай реакция сезген жоқпын. Шынымды айтсам, екпе алғанымды ұмытып кетіппін. Жаттығудан кейін суға түсіп, вакцина салғызған жерді қатты ысқылап жібергеннен кейін ғана есіме түсті (күлді). Негізі, мен тұмауға қарсы вакцинаны да салғызғанмын. Себебі тұмаумен ауырсаң, иммунитет төмендейді. Демек, коронавирусты жұқтыру қаупі болады. Сондықтан алдымен тұмауға қарсы, одан кейін коронавирусқа қарсы екпе салғызып алдым", - дейді Ералиева.
Профессор маңызды бір мәселені де атап өтті. Оның айтуынша, кез келген вакцинаны салғызғаннан кейін біршама уақыт барынша сақтанып жүру керек. Адам көп жиналатын жерлерге бармаған дұрыс. Өйткені ағзада вирусқа қарсы иммунитет қалыптасуы тиіс.
"Жеті күннен кейін ағзада ақырындап антиденелер бөліне бастайды. Сондықтан осы уақытта барынша сақтанып жүрген дұрыс. Өйткені адам басқа бір инфекцияны жұқтырып алса, жағдайы нашарлап, иммунитеті төмендейді. Демек, коронавирусқа қарсы тұра алатын антиденелердің қажетті көлемі шықпай қалуы мүмкін. Сол себепті дәрігерлер вакцинадан кейін сақтық шараларын сақтауға кеңес беріп жатады", - деп атап көрсетті ғалым.
Бетпердені қашан шешеміз
Бүгінде денсаулық сақтау министрі де, бас санитарлық дәрігер де вакцинацияның арқасында шектеу шараларын барынша жеңілдетуге болатынын айтып отыр. Бірақ ол үшін халықтың жартысынан көбі екпе салғызуы қажет. Онсыз коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптаспайды.
"Қазақстан халқының саны 18 миллионнан артық екенін ескерсек, 11-12 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцина салғызуы қажет. Сонда ғана ұжымдық иммунитет қалыптасады", - дейді профессор Ералиева.
Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін Қазақстанда 130 мыңнан астам адам ресейлік вакцинаның бірінші компонентін салғызды. Ал екінші дозасын қабылдағандардың саны 30 мыңнан асып отыр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзіне қарағанда, сәуір айында сан алуан өндірушілерден қосымша 2,5 миллион доза жеткізіледі. Сол кезде қазақстандық вакцинаның клиникалық зерттеулері де аяқталады, тиісті құжаттары да дайын болады деген жоспар бар. Осыдан кейін вакцинаны жаппай өндіруге рұқсат беруі тиіс.
"Әрине, вакцинаны жаппай шығару үшін мықты өндіріс орны болуы қажет. Сондықтан барлығы зауыттың құрылысына байланысты. Содан болар, президент әзірше басқа вакциналарды ала тұруға ұсыныс жасады", - деп атап көрсетті Ералиева.