06:16 19 Маусым 2021
Тікелей эфир
  • USD427.82
  • EUR509.75
  • RUB5.93
Сұхбат
Қысқа сілтеме алу
1271 0 0

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші әрі ұстаз Толқын Забирова шәкірттеріне үнемі айтып отыратын кеңесі мен ұстаздарға қойылатын талап туралы айтты. Сондай-ақ пандемия кезінде бос уақытта немен шұғылданып жүргеніне тоқталды

АЛМАТЫ, 22 ақпан –  Sputnik. Өз мамандығын сүйіп, бар жан-тәнімен сол салаға бет бұрып, талаптанатын шәкіртті барлық ұстаз бағалайды. Ұстаз да соған сай бойында бар білімді "көремін, білемін, оқимын" деген балаға беруге асық болары сөзсіз. Сондай кісінің бірі – әнші Толқын Забирова. 20 жылдан бері Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында сабақ беретін білікті ұстаз Sputnik Қазақстан тілшісіне ұстаз бен шәкірт бойында болуы қажет қасиет пен дауыстан "айырылып" қалмаудың жолдарын айтты.

Ұстаз болу – үлкен жауапкершілік

"Ұстаз болу оңай емес. Өзіңде бар білімді өзгемен бөлісу – үлкен жауапкершілік. Бұл еңбекке қабілеттілікті талап етеді. Өзімен-өзің жұмыс істеп, өз дәрежеңді жоғары көтеруің керек. Себебі әртүрлі студент кездеседі, әртүрлі сұрақ қояды. Соның бәріне жауап беруге дайын болуың керек", - деп бастады әңгімесін Толқын Забирова.

Әнші ұстаздың сана-сезімі, ой өрісі өте жоғары болуы керек деп есептейді. Неғұрлым көп оқып, көп ізденген ұстаз шәкірттермен пікір алмасып, түсінісе алады.

"Қазір онлайн сабақ жүріп жатыр. Аптасына екі рет 20 минут студенттермен жүздесеміз, сонымен сабақ бітеді. Ал қалған уақытта студент Youtube арқылы немесе онлайн сабақ арқылы әртүрлі методиканы көріп, соның ішінен өзіне керегін алып қалуы керек. Шәкірттерімнен тек менің сабағымды ғана емес, барлық сабақты солай оқуын талап етемін", - дейді Забирова.

Өзімді талапшыл ұстазбын деп ойлаймын. Өйткені берген білімімнің арқасында шәкірт деңгейінің өскенін, жақсы жаққа өзгеріп келе жатқанын байқап отырамын. Менің сабақ берудегі әдіс-тәсілім студенттерге өте пайдалы деп ойлаймын, дейді ол.

"Білім – үлкен қару. Мұны барлық ұстаз біледі. Алайда кейбіреу жалқаулықпен қарайды, қол сілтеп, аса көп жауапкершілікті сезінбейді. Алдыңа келген шәкірттің деңгейі қандай екенін білу үшін ұстаздың білім деңгейі жоғары болуы керек", - дейді 20 жылдық жұмыс өтілі бар ұстаз.

Еңбекқор шәкіртті бағалайды

Әнші Толқын Забирова өнер жолын таңдаған адамның бойында болуы қажет қасиеттерді де атады. Әнші еңбекқор әрі өзіне жоғары талап қоятын шәкірттерді жоғары бағалайтынын айтты.

"Бар ойым, қиялым, болашағым – өнер деп, соған күнделікті уақытын бөліп, даусын, ой өрісін қайрап, өзіне жоғары талап қоятын еңбекқор шәкірттерді бағалаймын. Өнер жолын таңдап, сол жолда талпынып, осы жерден бағымды ашамын десе құба-құп. Шәкірттеріме өнер бағалы киім, әшекеймен емес, ішкі рухани дүниемен қымбат деп айтып отырамын. Әшекейге ақша табылмауы мүмкін, алайда көрерменге берерің мол болса, сонда өте бай болғаның", - дейді ол.

Әнді қалай таңдайды

"Ән таңдаған кезде арнайы талабым бар. Алайда кейінгі кезде сол талаптарға жауап беретін композиторлар азайып бара жатыр. Өткен ғасырда ескі мектепте оқып, әдемі сазбен лирикалық ән жазған композитор көп болды. Ондай әнді қазір ешкім жазбайды. Төлеген Мұхамеджанов, Әсет Бейсеуов, Бейбіт Бірімғазы, Ақтоты Райымқұлова, Бейбіт Дәлденбайдың әндерін сүйіп тыңдап, орындайтынмын. Қазір заман өзгерген. Басқа ырғақ, басқа стиль, жанрларда микс жасап жатқандар да бар. Өткен заманның әдемі әуені ортамыздан шығып кеткен сияқты", - дейді ол.

Толқын Забирова - әнші
© Sputnik / Тимур Батыршин
"Адам неғұрлым тынығып, ұйқы қанып тұрса, дауыс та әдемі шығады", - дейді әнші

Алайда лирикалық әндердің орындаушысы ретінде таныс Толқын Забирова той-томалақта айтылатын әндерге еш қарсы емес.

"Әннің сөзі анық, мәні бар, философиялық мағынасы мен беретін тәлім-тәрбиесі болуы керек. Оған музыкасы да үйлескені жөн. Консерватория бітірген соң музыкаға қоятын талабым жоғары. Екі-үш нотаның арасында жүретін ән көбейіп кетті, 90% сондай ән деуге болады. Мұндай әндерді еш уақытта айтпаймын", - дейді ол.

Әнді жазған кезде композитор, сөзін жазған автор мен орындаушы деген үштік бар. Мен бұл қатарға өндеушіні қосып, төрттік деп айтар едім. Өйткені әннің өңдеуіне көп мән беремін. Кейде бір әнді 3-4 маманға аранжировка жасатамын. Соның ішінен біреуін ғана таңдап аламын. Жастарға да айтарым сол. Қазір жастар жеңіл-желпі әнмен көп жүре береді, деп толықтырды әнші.

Дауысты сақтап қалуға арналған кеңестер

Толқын Забирова жастарға даусын сақтап қалуы үшін күнделікті жаттығу жасауды ұсынды. Айтуынша, сырт келбетті бір қалыпта сақтап қалу үшін шынығу залдарына бару қажет болса, дауысқа да дәл солай қарау керек.

"Күнде жаттығу жасамаса, адамның сыртқы келбетінде де өзгеріс болады. Спортзалға адам денсаулығын жақсарту үшін барады. Вокал – кішкентай спортзал. Бұл жерде жіңішке бұлшықетті қайраймыз. Оның күнде жасамасаң, бір күні даусыңнан айырылып қалғандай боласың. Өйткені бұл – жанды аспап", - дейді ұстаз.

Айтуынша, әншілер арасында әншінің режимі деген ұғым бар. Ол тіпті адамның ойына да байланысты болып, дауыс та адам көңіл күйіне қарай құбылады.

"Арақ-шарапты қонаққа барған кезде көңіл үшін ішуге болады. Алайда темекі тартып, ішімдікке салынуға болмайды. Содан кейін дауыс ұйқыны жақсы көреді. Адам неғұрлым тынығып, ұйқы қанып тұрса, дауыс та әдемі шығады. Дауысқа ойдың да қатысы бар. Ойың, көңілің түсіп, ренжіп қалғаның, өміріңдегі қиын жағдайдың бәрі дауысқа әсер етеді. Өйткені дауыс тек физиологиялық аспап емес, ол психоэмоционалдық аспап. Оны ұмытпаған абзал", - дейді маман.

Маман бала күнінен бастап осы талаптың бәрін сақтап келе жатқанын да жасырмады.

Әңгіме кезінде әншіден күнделікті жоспары, уақытты тиімді пайдалануы жайлы да сұрадық. Айтуынша, пандемия кезінде уақытты бос өткізбей, ағылшын тілін меңгеріп жатыр.

Әр жаман нәрсенің жақсы жағы да болады. Пандемияның бір жақсы жері – бос уақыт пайда болды. Ол уақытты пайдаланып, ағылшын тілін меңгеріп жатырмын. Осыдан біраз жыл бұрын бір концертте Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағын сыйлаған еді, қанша жылдан бері қолым жетпей жүрді. Енді рахат болды. Сосын бала-шағамен көп уақыт өткізетін болдық, деп түйіндеді ол.

Тақырып бойынша

Майра Ілиясова: Ринат айтыста профессор болсын, ал Димашта жұмысы болмасын
"Ұстаздың өзі білімді болуы керек" Толқын Забирова Димаш туралы ойын айтты
"Жала жауып жатыр": Майғазиев шулы бағдарламаға не үшін барғанын түсіндірді
"Тыңдайтын құлақ жоқ": Мейрамбек Бесбаев Алматы басшылығына ренішін айтты
"Үндемедім": Димаш Құдайберген неден ұялғанын айтты
Кілт сөздер:
әнші, Толқын Забирова
Загрузка...

Басты тақырып