02:37 07 Желтоқсан 2021
Тікелей эфир
  • USD435.85
  • EUR492.38
  • RUB5.92
Сұхбат
Қысқа сілтеме алу
183110

Алматылық көпбалалы ана он жыл бойы күйеуінің ұрып-соққанына қарамастан, отбасын сақтап қалуға тырысқан. Алайда сол уақыттан бері ер мен әйелдің арасында заңды неке болмаған, арадағы алты баланың біреуіне ғана әкесінің тегі берілген

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Бүгінде жас келіншек алты баласымен көпшіліктен көмек сұрап отыр. Алматылық 29 жастағы Шолпан Оразбаева алты баласымен бірге бір жарым жылдан бері күйеуінен қашып дағдарыс орталығы мен пәтерде бас сауғалап жүр.

Айтуынша, күйеуінен алтыншы баласына аяғы ауыр кезде кетіп қалған. Қазір Алматы қаласындағы "Жансая" дағдарыс орталығына тұрақтағанына бір жарым ай болды.

Sputnik Қазақстан тілшісі орталыққа барып, әйелдің жағдайын білді. Жас келіншектің бір жарым жастағы баласының аяғы ыстық суға күйіп қалған, содан бері екі рет жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Көпбалалы ана мойымай, жақындарынан ақша алып, баласын аяққа тұрғызды. Дегенмен толық сауығып кетуі үшін әлі де қаражат қажет.

"Бұған дейін басқа дағдарыс орталығында тұрдым. Ол жерде бас сауғалап барған аналар кезекпен ас әзірлейді. Кішкентай балам жөргекте болған соң қиналып кеттім. Ыңғайсыз болған соң кетіп қалдым. Одан кейін пәтер жалдап тұрдым. Оны пәтер деуге де келмейді. Бұрын дүкен болған жерді айына 12 мың теңгеге берді. Ішінде тарақан мен тышқан жүретін, өте суық болды", - деп еске алды әйел.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Айгерім Таубай
Шолпан Оразбаева бес баласымен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатыр, бір қызын ата-анасының жанына жіберген. Орталықта бірнеше әйел балаларымен бірге бір бөлмеде тұрады

Шолпанның ата-анасы да Алматыда пәтер жалдап тұрады. "Күйеуі" іздеп барып, ол кісілердің де мазасын алмауы үшін пәтерге шыққан.

Бір ай бойы алып қашып кеткенін білмеген 

Шолпан Оразбаева Қарақалпақстанда дүниеге келген. Бірінші сынып оқитын кезінде ата-анасы, бауыларымен бірге Алматыға қоныс аударды. Өзі – егіздің сыңары. 

Әңгіменің төркінін осыдан 11 жыл бұрынғы оқиғадан бастасақ, Шолпанды 18 жасында өзінен бес жас үлкен жігіт алып қашып кеткен. Содан кейін бір ай бойы ата-анасына ол жайлы хабар бермеген.

"Есіктің жігіті алып қашып кетті. Басында жұмыс істеген еді. Мені алғаннан кейін жұмыс істемей қойды. Үйде бос жататын болды. Арасында бір күндік жұмысқа шығып жүрді. Тұңғышыма аяғым ауыр болған сәттен іше бастады. Достарымен қыдырып, бірнеше күнге жоқ болып кететін", - дейді Шолпан.

Айтуынша, күйеуінің әкесі де ішімдік ішеді. Үйіне мас адамдарды жинап алған күндері де болған.

"Күйеуім көзімше шөп шегіп отыратын. Иісі де жаман еді. Көзі қызарып, біртүрлі сөйлейтін. Соны шегіп алса, тиісе бастайды. Бала жылап қалса, соны ұрып-соғатын, лақтырып жіберетін. Содан екеуміз қатты ұрсып қалатынбыз. Бірақ үйден қашпайтынмын. Қоятын шығар деп сендім. Сондай сәтте ұйықтап қалса екен деп тілейтінмін", - дейді келіншек.

Шолпанның айтуынша, ұрып-соғуына көп жағдайда қызғаныш себеп болған. Әйелі ешқайда шықпауы үшін киімдерін де өртеп жіберген.

"Төртінші балам дүниеге келген кезде ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Артымнан келіп, кешірім сұраған соң қайтып бардым. Содан кейін анам менімен бір ай сөйлеспей қойды. Үйге барған соң ұрып-соғу қайта басталды. Сол ұлым әкесінен аумай қалған, бірақ соны көп ұратын. Төсекке лақтырып, жұлқылайтын", - дейді әйел.

Айтуынша, қолындағы алты айлық сәбиді әкесі әлі көрмеген.

"Көремін деп талпынды, бірақ рұқсат бермедім. Босанып жатқанымда ауруханаға келген жоқ. Күйеуімнің әпкелерімен сөйлесіп тұрамын, солар арқылы естіді. Басқа балаларым дүниеге келгенде де ізімнен келіп, бір ыстық тамақ әкелген емес. "Ұлды болдым", "қызды болдым" деп достарымен ішімдік ішетін. Мен ауруханада аш жататынмын", - деп көзіне жас алды келіншек.

Көпбалалы ана
© Sputnik / Айгерім Таубай
Көпбалалы ананың бір жарым жасар баласының сол қолы жұмыс істемейді. Оның еміне де қомақты қаражат қажет

Көпбалалы ана осындай жағдайдан кейін сәби дүниеге әкелмеу туралы да ой болғанын жасырмады. Алайда күйеуінің қорқытып-үркіткенін де айтты.

"Осыдан тумай көрші..." деп қорқытатын. Сәбиді босанып, ауруханадан шыққаныма екі ай болса, "көтердің бе?" деп қайта аңди бастайтын. "Неге көтермей жүрсің?" деп ұрып-соғатын", - дейді әйел.

9 айлық баласы күйіп қалған

Грэсте пәтер жалдап тұрып жатқанында Шолпан бір күні күйеуін үйіне кіргізген. Ол кезде анасының ақылын тыңдаған екен. Өзгерді деп сенген. Содан күйеуі қолында бар ақшасын алып, азық-түлік әкелемін деп шығып кетеді.

"Келетін шығар деп ойладым. Қолымдағы бар ақшаны бердім. Содан кеш батты, балалардың қарны аша бастады. Барып дүкеннен роллтон алып келдім. Үйде газ да бітіп қалған еді. Көршімнен электр шайнек алып, су қойдым. Сол қайнап болған кезде балама төгіліп кетті. Сол оқиғадан кейін оны қуып жібердім", - дейді әйел.

Қазір бір жарым жастағы ұлының сол қолы жұмыс істемейді. Бір аяғының терісі жиырылып жатыр. Анасы келешекте екі аяғы екі түрлі бола ма деген қорқынышы бар екенін айтты.

"Дәрігерге әр апарғанымның құны – 35 мың теңге. Айына алты балаға 66 мың теңге алып отырмын. Балам қолын үнемі жұмып жүреді. Соған арналған арнайы аппарат бар екен. Оның бағасы бір жерде 50 мың, басқа жерде 60-70 мың деп тұр. Дәрігер баламды жүрмейді, сөйлей алмайды деп айтты. Алақан жайдым. Сөйтіп жүріп аяққа тұрғыздым, қазір жайлап сөйлейді. Қызыма да телефон алып бергім келеді, қазір онлайн сабаққа қатысып жүр", - дейді Оразбаева.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Шолпан Оразбаеваның жеке архивінен алынды
Келіншек алты баласына айына 66 мың теңге жәрдемақы алады

Шолпан күйеуінің сондай қиын сәтте жанынан табылмағанын айтып, қынжылып отыр. Ол жақсы жаңалық барын естісе, іздеп келуді әдетке айналдырған. Айтуынша, күйеуі қазірге дейін хабарласады.

"Хабарласқан кезде өлтіріп кетемін деп қорқытады. Одан бұрын баласына беретін тәрбиесі жоқ. Баласына "бандит болады", "бауыздайтын болады" деп үйретіп отырады. Телефонда да боқтық сөз үйретеді", - дейді әйел.

Балаларды ұратын болған соң кеттім. Қыста көршінің үйіне де қашып баратынбыз. Іздеп жүріп, тауып алса, шашымнан сүйреп алып кететін, дейді көпбалалы ана.

Айтуынша, әйел бір рет Есік қаласының полициясына арызданған. Алайда біраз уақыт өткен соң арызын қайтып алған.

Шолпанның арманы

Шолпанның тұңғышы 10 жаста, одан кейінгі қызы тоғызда. Бір ұлы 4 жаста болса, одан кейінгі перзенті 2,5 жаста. Кіші ұлы – бір жарым жасар, кенжесі алты айлық нәресте. Алғашқы екеуі мектепте оқиды.

Мектептен кейін оқу орнында білім алмаған Шолпан Оразбаева тігінші немесе аспаз оқуын оқып алсам дейді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Asar-ume (@asarume_kz)

Жақында ғана Asarume қоры үй алуы үшін келіншектің қолына 6 миллион теңге беріпті. Енді Шолпан 5 миллионға үй алып, қалған ақшаға көлік алғысы келеді. Үйінің алдынан азық-түлік сататын дүкен ашсам деген де арманы бар.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады (4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна)

10 жыл бойы заңды некеге тұрмаған

Он жыл бойы бір шаңырақта өмір сүргенімен Алтай мен Шолпан арасында заңды неке болмаған. Тіпті алты баланың біреуінің метіркесінде ғана әкесі екені жазылған. Қалған бес бала анасының тегін алған. 

"Балаларға алимент төлемеймін деп айтты. Төлесем де әкелік құқық берілген жалғыз балаға ғана төлеймін, оны 18 жасқа толған соң өндіріп аламын деді. Қолымдағы алты айлық қызымды "менен емес, басқадан тудың" деп айыптайды", - дейді Шолпан.

Айтуынша, біраз уақытқа дейін күйеуімен қайта қосылу туралы ойы болған. Алайда енді балалары үшін өмір сүремін деп отыр.

"Кешеге дейін балалар үшін қайта қосылсам деген ой болды. Қазір ұмыттым, қосылатын ойым жоқ. Балалар да әкесіне барғысы келмейді. Осылай жүргеніме бір жарым жыл болды. Бала керек болса, тіршілік жасап, түзелдім деп келер еді, осылайша өзіне бәрібір екенін көрсетті. Ендігі арманым – балаларымды елге жалтақтатпай өсіру", - дейді әйел.

Келіншек екінші рет тұрмыс құру туралы ойы жоқ екенін де айтты.

Дағдарыс орталығы 50 адам қабылдай алады

Бұл орталық 2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы деп ашылған. Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдау, оларға көмек көрсету. Бұл жерде медициналық, педагогикалық, заңгерлік, тұрмыстық, еңбек бағыты бойынша көмек көрсетіледі. 

"Әйел орталыққа келген кезде оның психологиялық жағдайын анықтаймыз. Бізге келетін әйелдердің міндетті түрде баласы болады. Отбасы ішінде қол көтеру, ұрыс-керістің куәсі болған баланың да психологиялы бұзылған күйінде келеді. Алғашқы үш күнде анаға да, балаға да ешқандай қысым көрсетпей, тыныштық береміз. Содан кейін ғана мамандар жұмыс істей бастайды", - дейді арнайы әлеуметтік көмекті бағалайтын қызметкер Зүлфия Омарова.

Зүлфия Омарова
© Sputnik / Айгерім Таубай
"Жансая" дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Зүлфия Омарова

Бұл мемлекеттік мекеме болған соң әйелге де, балаға да бес уақыт тамақ тегін беріледі. Өзі табыс таба алатындай арнайы курстарға қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. 

"Көп жағдайда көпбалалы аналардың өзін-өзі бағалауы өте төмен. Олар баланы дүниеге әкеліп, күйеуінің қолына қарап отырған. Экономикалық жағынан бағынышты болған. Ақша берсе алады, бермесе, сұрамайды. Сол жағынан көп көмек көрсетеміз. Әйелдер бізден кетер кезде бір істі меңгеріп шығады", - дейді маман.

"Жансая" дағдарыс орталығы 50 адамға лайықталған. Қазір бұл жерде 17 әйел, 31 бала тұрып жатыр.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады. 4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна

Тақырып бойынша

Көпбалалы ана жаңа оқу жылы туралы: бес балам бір телефон қолданады
Күйеуі ұрып-соғатын әйелдер өзін қалай қорғай алады - мамандар кеңес берді
Көпбалалы отбасылар қашықтан білім алудың қиындығы туралы айтты - видео
Жылап тұрып көмек сұраған қостанайлық мұғалімнің бұрынғы күйеуі видео жариялады
Өскеменде көпбалалы ана полицияға өтініш жазып, балаларын алып кетуді сұрады
Кілт сөздер:
келіншек, күйеу, бала, көпбалалы отбасы
Загрузка...

Басты тақырып