"Тегін дүние жоқ": Бағлан Әбдірайымов ашық сұхбат берді

CC0 / әншінің желідегі парақшасынан / Бағлан Әбдірайымов, "Жігіттер" тобының солисі
Бағлан Әбдірайымов, Жігіттер тобының солисі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әнші індет салдарынан туындаған дағдарыстан кейін көп адамның өмірге деген көзқарасы өзгеретінін айтып отыр

АЛМАТЫ, 26 шілде – Sputnik, Айгерім Таубай. "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, әнші Бағлан Әбдірайымов қазақстандық баспагермен бірлесіп екінші кітабын шығарды. Бұл жаңалықты әнші Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында хабарлады. Сонымен қатар әнші бұған дейін шыққан "Ақ пен қара"  кітабы мен карантин кезіндегі жұмыстары, жеке бизнесіне тоқталды.

Әңгіме "Жігіттер" тобының шығармашылығы жайлы басталды. Сонымен қатар әнші карантин кезінде ән жаздырмағанын, алайда карантин аяқталған соң халықпен жүздесуге дайын екенін айтты.

"Еліміз еңсесін көтеріп, мерекелік көңіл-күй болып жатса, әдемі кештерде әдемі әндерімізді айтып, "Жігіттер" болып жүре береміз. Топтың топ болып сақталып тұру үшін арамызда ешқандай келісімшарт жоқ. Сондай-ақ, шектеу де жоқ", - дейді ол.

Карантин кезінде әнші ән жаздырмаса да, әлеуметтік желідегі оқырмандарымен онлайн форматта байланыста болды. Білім беру саласының мамандарымен онлайн сұхбат жасады.

Карантиндегі бизнес

"Тойдың табысына қарамай, басқа да іспен айналысып жүргеніме бір-екі жыл болды. "Ақ пен қара" кітабы жазылған соң, кітапты сатып, бизнес жасадық. Биыл да Бақытжан Бұқарбаймен бірлесіп "Қарызсыз қазақ" деген кітап жазып шығардық. Ол да оқырманға жол тартты. Сондай-ақ, отбасыға, күнделікті ішуге деп қымыз, саумал шығарумен айналысып жүрміз. Әзірге осы істі дөңгелетіп жатырмыз", - деді әнші.

Әншінің баспагер Бақытжан Бұқарбаймен бірлесіп жазған "Қарызсыз қазақ" кітабы карантин кезінде жазылған. Автордың айтуынша, екі тараудан тұратын бұл кітапта қарыздан сақтайтын жаңа әдеттер мен қарыздан құтылуға көмектесетін нақты әдістер көрсетілген.

Бизнесін дөңгелетіп жүрген әнші елде болып жатқан жағдайға байланысты пікірін жариялап отырады. Алайда, ол өзінің азаматтық пікірі екенін, саясатқа араласу ойында жоқ екенін мәлімдеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от BAǴLAN ABDRAIMOV (@baglan_abdraimov_official)

"Әлеуметтік желіде белгілі бір тақырыпта ой бөлісіп, азаматтық пікірімді білдіріп тұратыным бар. Алайда саясатқа араласу ойымда жоқ. Соның бірі ретінде тойға тыйым салуға да тоқталып өтуге болады. Қазір азаматтардың асқа, жаназа, жиын, тойға барып инфекция жұқтырып алатынын көріп отырмыз. Сондықтан карантин енгізілген соң тек тойды ғана емес, басқа да кісі көп жиналатын жиындарға да шектеу қойған дұрыс деп ойлаймын", - дейді ол.

Айтуынша, індет салдарынан туындаған дағдарыстан кейін көп адамның өмірге деген көзқарасы өзгереді. 

"Шын маман, шын талант орнында қалып, сол салада күнелтіп жүргендер өз саласына кетеді деп ойлаймын", - дейді әнші.

"Тегін дүние жоқ"

Әншінің айтуынша, "Ақ пен қара" кітабы әншінің басынан өткен оқиға негізінде жазылған. Құмар ойынмен есімі қатар аталатын әнші кітапта өзіне ненің көмектескенін жазған.

"Кітап елімізде басты мәселенің бірі болған құмар ойыны тақырыбына арналған. Жеке басымнан өткен сол құмар ойынның азабы, қарызға бату, абыройдан жұрдай болу тақырыбы қозғалады. Не үшін ойнадым, кімдер ойнайды, қалай қойдым, кім және не көмектесті деген сұрақтарға жауап бердім. Жалпы алғанда жеке өмірім, оның ішінде белгілі бір кезең сөз болады", - деді Әбдірайымов.

Әнші кітапты шығарғаннан кейін тегін таратуды ұсынғандар да болған, алайда автор әр істің артында көл-көсір еңбек жататынын алға тартты.

"Кітап даналық қасиетін жоғалтпаған қаракөздеріміз біреудің қателігінен сабақ алып, менің өмірімдегі оқиғаларды оқып, пайдасына жаратса деген оймен жазылды. Кітапты тегін бермейсің бе дегендер де болды. Тегін дүние жоқ, еңбек қашан да ескерілуі керек. Кітаптың мың оқырманы, он мың оқырманы болуы мүмкін. Оның ішінде жүз адам өзінің сауалына жауап алып жатса, жеңістің жеңісі деп айтуға болады", - дейді Әбдірайымов.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от BAǴLAN ABDRAIMOV (@baglan_abdraimov_official)

Сонымен қатар әншіден әлеуметтік желіде әлі күнге дейін туған-туыс, жақынының құмар ойынға салынып кеткенін айтып, кеңес сұрайтындар көп. 

"Біреу күйеуінің, бірі бауырының, бірі баласының мәселесін айтып хабарласады. Ақыл-кеңес сұрайды. Барлығына жауап беру мүмкін емес, бірақ карантин кезінде онлайн кездесу өткізіп, бар білгенімді айтып жүрдім. Мұны уақытша тоқтатып қойдым. Себебі құмар ойын туралы біреумен сөйлесу үшін оның өміріне, тағдырына араласасың. Оқиғаның негатив тұсын өзіңе қабылдап аласың. Ол менің де көңіл-күйіме қатты әсер етеді. Ақыл сұрайтын кісілерге, кітапты оқыңыз деп айтамын", - дейді Әбдірайымов.

Әнші Бағлан Әбдірайымов Түркістан облысы Түлкібас ауданы Ақсу-Жабағалы елді мекенінде дүниеге келген. 2003 жылы Шымкентте құрылған "Жігіттер" квартетінің мүшесі. 2020 жылы "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды.

Жаңалықтар
0