Оқиға

Жамбыл облысында қатты дауылдан 17 жастағы студент көз жұмды

© SputnikТараз қаласындағы дауыл салдары
Тараз қаласындағы дауыл салдары - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.11.2021
Жазылу
17 қарашада Жамбыл облысында ауа райы күрт нашарлады. Қатты жел электр желілерін зақымдап, ағаштарды құлатты

НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. Жамбыл облысында қатты дауыл соққан кезде 17 жастағы бозбала үй шатырынан құлап, көз жұмды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ақпаратынша, қайғылы оқиға кешкі 17:30 шамасында Полатқосшы ауылдық округі, Жалпақтөбе ауылында болды. 

2004 жылғы бала қатты желден ұшып кеткен үй шатырын жөндеуге шыққан. Алайда ол дауыл кезінде үй шатырынан құлап, оқиға орнында жан тапсырды. 

Марқұм Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде оқыған. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде қатты желден барлығы 53 адам зардап шегіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Қалалық көпбейінді ауруханасына 43 адам барған, оның ішінде төртеуі стационарға жатқызылды.

Облыстық көпбейінді ауруханаға 4 бала түсті, оның үшеуі стационарға жатқызылды, біреуі амбулаторлы түрде ем қабылдады. 

Байзақ аудандық орталық ауруханасына 6 адам жүгінді, қазір біреуі стационарда жатыр, бесеуіне амбулаторлық ем тағайындалды.

Медициналық көмекке жүгінгендердің басым көпшілігі терезе, ағаш, қақпа құлағаннан бас, аяқ-қол және тағы басқа дене жарақатын алған.

Еске салсақ, 17 қарашада Жамбыл облысында ауа райы күрт нашарлады. Осыған байланысты өңірде кейбір тас жолдар жабылды.

Таразда алапат дауыл көтеріліп, электр желілерді зақымдады, ағаштарды құлатты. Салдарынан тұрғын үйлерде жарық өшті.

Жаңалықтар
0