Оқиға

Павлодарда гараждан үш адамның мәйіті табылды

CC0 / / Гаражи
Гаражи - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.11.2021
Жазылу
Гаражда ішімдік ішкен достар тоңа бастаған соң Mercedes Benz көлігін оталдырып, артынан ұйықтап қалған    

НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша – Sputnik. Павлодарда гараждан уланып өлген үш адамның мәйіті табылды, деп хабарлады Polisia.kz.

Сотқа дейінгі тергеу кезінде Павлодар қаласындағы Мир көшесінде орналасқан гаражды ерлі-зайыпты автокөлік жөндеумен айналысу үшін жалға алғаны анықталды.

"Ерлі-зайыптының жұмыс орнына олардың отбасылық досы келген. Барлығы бірге гаражда ішімдік ішкен, тоңа бастаған соң Mercedes Benz маркалы автокөлікті оталдырып, ұйықтап қалған. Мәйіттерді көрші гаражды жалға алушы тапты", – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Оның айтуынша, гараждың іші автокөліктен шыққан тұншықтырғыш газға толып қалған. Жүргізілген сот-медициналық сараптамаларға сәйкес, үшеуі де уланып өлген.

Тәртіп сақшысы Гагарин көшесінде орналасқан гаражда да дәл осындай қайғылы оқиға болғанын жеткізді. 14 қарашада ер адам полицияға қоңырау шалған. Ол көлігін гаражға кіргізген кезде көрші гараждан қозғалтқыш дыбысын естігенін және шамның жанып тұрғанын айтқан. Гараждың есігін қаққан, бірақ ешкім ашпапты. Көрші уайымдай бастап, полиция шақырған.

Оқиға орнына келген полицейлер ВАЗ-21150 автокөлігінен 44 жастағы тұрғынның мәйітін тапты. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды.  

Айта кетері, мәйіттер табылған кезде гараждағы көліктер оталып тұрған.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар
0