ПАВЛОДАР, 29 қазан – Sputnik. Павлодар облысында балалар ауруханасының инфекциялық стационарында өрт шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмаға қараған түні Павлодар облыстық балалар ауруханасының ғимаратында өрт дабылы іске қосылды. Қызметкерлер өрт сөндіру қызметіне және жедел медициналық көмек қызметіне хабар берген.
Түтін инфекциялық стационардың "А" корпусының бірінші қабатындағы санитариялық өткізгіш аумағында шыққаны анықталды. Түтін науқастар бар палаталарға өтпеді.
Оқи отырыңыз: Атырау облысында 3 бала өртеніп кетті – оқиға орнында түсірілген видео
Науқастар "А" корпусынан 150 метр қашықтықта орналасқан "Б" корпусына қауіпсіз жерге жедел көшірілді.
112 бала мен науқастарға қарайтын 76 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Барлығын медициналық көмек қызметкерлері тексерді, түтін салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, өрттен бір жарым сағат бұрын инфекциялық стационарда электр энергиясына қатысты ақау шыққан. Соған байланысты тоқты қосуға арнайы бригада шақырылды. Өрт электр желісіндегі ақауға байланысты шыққан болуы да мүмкін.
Облыстың өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодардың төтенше жағдай басқармасының бастығы Ренат Валишановтың айтуынша, өрттің шығуына санитарлық өткізгішке кіре берістегі люминесцент шамдағы ақау себеп болды.