НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде мектептің ішінде түсірілген видео тарап жүр. Орындықта отырған балаға дәрігерлердің көмектесіп жатқанын анық көруге болады. Ал оқытушылар мен қызметкерлер білім беру мекемесіне кіріп келген адамдарды тоқтатуға тырысқан. Олардың ішінде Айна Бакеева да бар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Видео авторлары оқушыға коронавирусқа қарсы екпенің салынғанын айтады. Одан кейін баланың жағдайы нашарлап кеткен. Интернетте антиваксер ретінде танылған дәрігер Айна Бакеева да бәрін видеоға түсіріп, балаға қалай көмек беру керектігін айтып жүр.
Видео түсіріп жүрген тағы бір әйел өзін журналист ретінде таныстырған. Оның айтуынша, оқушыларға ата-ананың рұқсатынсыз екпе салып жатыр. Оқытушылар мен дәрігерлер олардың сабырға шақырып, араласпауды сұрайды. Бірақ антиваксерлер қарсылық көрсетіп, жанжал шығарған.
Нұр-Сұлтан қаласының білім беру басқармасы осы оқиғаның бір ай бұрын 5 қазанда №58 мектепте болғанын растады.
"Айна Бакеева мектепте жанжал шығарған. Олар балаларды міндетті вакциналаудан өткізіп жатыр деп, әлеуметтік желі арқылы халықты дүрліктіруді көздеді. Біз ондай ақпарат шындыққа жанаспайтынын талай рет айтқанбыз", - дейді мамандар.
Басқарма қызметкерлері видеодағы баланың жағдайы не себепті нашарлағанын да түсіндірді. Үзіліс кезінде дене шынықтырудан кейін 9-сынып оқушысының басы айнала бастады. Содан ол дәрігерлердің көмегіне жүгінді.
Ал антиваксерлер үшінші сыныпта оқитын бір баланың ата-анасы манту-сынамасын жасағаны үшін шағымданғаннан кейін мектепке келіп жеткен. Өзін сол баланың ата-анасы ретінде таныстырып, ғимаратқа баса көктеп кірген. Ashyq арқылы өтуден де бас тартты.
Басқарманың мәліметіне сәйкес, мектепте жанжал шығарған әйелдердің үстінен арыз жазылды.