НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек – Sputnik. Атырауда туған ағасының мүрдесін жеті ай бойы үйінде сақтаған мұғалім жұмыстан шығарылды, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Облыстық білім басқармасы басшысы Сатқан Есенғалиевтің айтуынша, биология пәнінің мұғалімі мектеп директорының шақыртуына құлақ аспаған.
"Мектеп әкімшілігі оны педагогикалық және әдеп кеңесіне бірнеше мәрте шақырған. Шақыру қағазы бірнеше рет жіберілді. Алайда ол ол келуден бас тартқан. Соған байланысты "Еңбек" кодекстерінің талаптарына сәйкес жұмыстан босатылды. Алайда оның бұл шешіммен келіспеуге құқы бар", - дейді ол.
Бүған дейін Атырау облысындағы бүтін бір ауыл тұрғындары үрейленіп отырғанын жазған болатынбыз. Тіпті кейбір ата-аналар баласын мектепке жіберуге жүрексініп қалған. Оқушылардың зәре-құтын қашырған биология пәнінің мұғалімі, дейді тұрғындар.
Олардың айтуынша 35 жылдық тәжірибесі бар ұстаз өз ағасын өлтіріп, мүрдесін үйінде жеті айға жуық сақтап келген. Алайда тергеуде ұстаздың кінәсі дәлелденбепті. Соған қарамастан тұрғындар оны білім ошағынан біржола аластатуды талап етіп жатыр.
Оқиға биыл Таңдай ауылында болды. 82 жастағы қарияның мәйіті өз ауласынан табылған. Бірақ қылмыстық құрам болмауына байланысты полиция істі тоқтатқан. Отыз жылдан аса тәжірибесі бар мұғалім бұған қатысты сұхбат беруден бас тартты.