АЛМАТЫ, 8 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысы Қаратау қаласындағы көшенің бірінен оқ жарақаты бар ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жамбыл облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 қыркүйекте Талас ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне белгісіз ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен.
"Жедел-тергеу тобы оқиға орнына келгеннен кейін қайтыс болған адамның атына тіркелген аңшылық мылтықтан өзіне оқ атқаны анықталды. Жеке басы туыстарының көмегі арқылы анықталды, ол жергілікті тұрғын болып шықты", - делінген ақпаратта.
Өзіне қол жұмсау себебін және істің мән-жайын анықтау үшін қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі ("өзін-өзі өлтіруге жеткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Барлық қажетті сот сараптамалары тағайындалды.
БАҚ-тың хабарлауынша, қайтыс болған азамат Жамбыл облысы Талас ауданы әкімдігінде жұмыс істеген. Берік Кемелұлы Талас ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі болған.