НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек — Sputnik. Жамбыл облысының әкімдігі 26 тамызда жарылыстар болған Байзақ ауданында төтенше жағдай жариялады.
"Жамбыл облысы Байзақ ауданында жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланады", - деп жазылған "Әділет" АҚЖ сайтында жарияланған құжатта.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев жарылыс салдарын жою процесіне жетекшілік ететін болады.
Жамбыл облысы әкімінің тиісті шешіміне 28 тамызда қол қойылған.
26 тамызда әскери бөлім қоймаларында жарылыстар болған еді. Өрт шығып, оқ-дәрі жарылды.
Өртті сөндіріп, жарылыс салдарын жоюға өрт сөндірушілер мен әскерилер жіберілді. Төтенше оқиға салдарынан 15 адам көз жұмды, 90-ға жуық адам жарақат алды.