НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің қоймасында болған жарылыстардың себебі әлі толық анықталмағанын, сондықтан қандай да бір қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Дәл қазір тергеу шаралары жүріп жатыр. Мен қол астымдағы қызметкерлердің сөзіне қатысты ештеңе айта алмаймын. Дегенмен бізде нақты тәртіп бар екенін растаймын. Мәселен, өрт сөндірушілер белгілі бір нысанға барғанда алдымен сол нысанның иесінен мән-жайды сұрайды. Ол қауіп-қатердің бар-жоғын айтуы керек", - деді Ильин aibat.kz басылымына берген сұхбатында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Министрдің айтуынша, өрт сөндірушілерге Қорғаныс министрлігінің қоймасында жарылатын зат жоқ деп хабарлаған.
"Ол қоймада өрт шыққаны және тротил шашкалары бар екені расталды. Ал қорғаныс министрлігінің нұсқаулықтары мен талаптарына сәйкес, ондай шашкалар детонаторсыз сақталады. Сол себепті ешқандай қауіп болмаған", - деп атап өтті Ильин.
Оның сөзіне қарағанда, дәл қазір тергеу органдары тротилдің қалайша тұтанып кеткенін анықтап жатыр. Осы орайда министр "әскерилер өрт сөндірушілерді алдап, қашып кетті" деген пікірмен келіспейтінін айтты.
"Қайтыс болғандардың арасында қорғаныс министрлігінің қызметкерлері де, төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері де бар. Сондықтан әрбір адам өзінің қызметтік міндетін орындады деп ойлаймын", – дейді Ильин.
Қорғаныс министрлігі не дейді
№28349 әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Руслан Жылқыбаевтың айтуынша, әскери қоймада инженерлік оқ-дәрілер болған. Ондай снарядтар жарылмауға тиіс.
"Техникалық тұрғыда ондай оқ-дәрілер жарылмауы керек. Сол себепті әскери бөлімнің өрт сөндірушілері тілсіз жауды ауыздықтауға шешім қабылдаған. Осы жұмысқа төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері де тартылды", - дейді Жылқыбаев.
Оның айтуынша, жарылыстардың себебін арнайы комиссия анықтайды. Оның құрамына кәсіби сарапшылар кірген.
"Әскери бөлімнің өрт сөндіру командасы бірден өртті сөндіруге кіріскен. Ал жеке құрамның басқа бөлігі жақын тұратын адамдарды эвакуациялауға, оқиға орнын қоршауға, әскери бөлімнің басқа да нысандарын күзетуді күшейтуге тартылды", - деп түсіндірді Жылқыбаев.
"Жарылатын зат жоқ деді"
Бұған дейін Байзақ аудандық №8 өрт сөндіру қызметінің маманы Асыл Мұхамбетжанов Тараз түбіндегі жарылыстар кезінде адам шығын не себепті көп болғанын айтқан.
"Оқиға орнына бірінші болып барған біз едік. Алдымен барлау жасаймыз ғой. Сол жерде "старший кім?" деп сұрап едім, аға лейтенант па, майор ма, сол кісі менмін деді, жарылатын зат жоқ па деп сұрадым, жарылатын ештеңе жоқ деді. Видеоны көрген шығарсыз. Қара түтіннің ішінде өрт сөндірушілер жүрді. Арасында мен де бармын. Су беріп жаттым. Сол кезде жарылатын зат жоқ па деп тағы сұрадым. Жоқ деп жауап берді", - деді Мұхамбетжанов журналистерге берген сұхбатында.
Ауруханада жатқан төтенше жағдайлар қызметінің тағы бір маманы өз әріптесінің сөзін растады. Алмаз есімді өрт сөндіруші әскерилер жарылыс қаупі бар екенін айтпағанын жеткізді.