НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев жол апатынан екі полицейдің қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Дөңгелектің желі шығып кетіп, жол апаты болған. Әрбіреуіміз рөлде жүреміз. Ондай жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Біздің әріптестеріміз қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болды. Біз оларды ешқашан ұмытпаймыз", - деді Күдебаев Instagram парақшасында өткен тікелей эфирде.
Департамент басшысы өз атынан және барлық құрам атынан қайтыс болған полицейлердің туған-туыстарына көңіл айтты. Осыдан кейін кабинетте отырғандар қаза болған тәртіп сақшыларын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Айта кетері, бұған дейін Алматы-Өскемен тасжолында болған жол апатының видеосы тараған болатын. Ресми ақпаратқа сәйкес, 17 тамыздан 18-іне қараған түні тасжолдың 46-шы шақырымында Toyota Camry-дің алдыңғы сол жақ дөңгелегінің желі шығып кеткен. Көлік қатты жылдамдықпен тосқауылға соғылып, 90 градусқа айналып тұра қалған. Осы кезде Hyundai Accent бүйірінен соққан.
Toyota Camry жүргізушісі және оның серігі оқиға орнында көз жұмды. Осы көлікте болған тағы бір жолаушы Іле аудандық ауруханасына жеткізілді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы ("Көлiкті басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiкті пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет") бойынша тергеу шаралары басталды. Қажетті сараптамалар жасалатын болады.