АЛМАТЫ, 13 шілде – Sputnik. Қарағанды қаласының орталығында қолында қаруы бар белгісіз ер адам оқ атты, деп хабарлайды "Вечерняя Караганда".
"Бүгін таңертең қару дыбысы Мичурин көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындарын шошытты. Терезеден қараған кезде олар қолында мылтығы бар камуфляж киген ер адамды көрді", - деп жазды басылым.
Тұрғындар полицияға хабар берді. Тәртіп сақшылары оқиға орнына дереу жетті.
"Ер адамды көрген кезде бірден полицияға хабарластым. Не боларын кім біледі... Михайловский полиция бөлімінің қызметкерлері бірден іске көшті. Оқиға орнына тез келді", - дейді көпқабатты үйдің тұрғыны.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ер адамға қаруды сақтау және пайдалану тәртібін бұзғаны үшін 10 АЕК (29 170 теңге) көлемінде айыппұл салынғанын хабарлады. Ал қару пневматикалық болып шықты.