НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтанда полицейлер дүкен сатушысын қаруланған қарақшыдан құтқарды, деп хабарлайды қаланың полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қарақшылық шабуыл Гоголь көшесіндегі дүкенге жасалды.
Қаруланған белгісіз ер адам дүкенге баса-көктеп кіріп келген. Бұл сәтте сауда орнында екі сатушы болған. Күдікті біреуін күштеп сыртқа шығарған. Кейін екінші сатушыны пышақпен қорқытып, дүкеннің кілтін сұрап, есікті іштен жауып алған. Дүкенде қарақшымен бірге қалған 26 жастағы қыз күзеттің дабыл түймесін басып үлгереді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оқиға орнына шұғыл полиция мен жедел жәрдем жетті.
"Дүкен жеке тұрған екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Полицейлер есіктен ер адаммен келіссөз жүргізе бастады. Күдікті қатты ашулы және мас болды", - деп мәлімдеді департаменттегілер.
Қаскөй қолындағы ас үй пышағымен сатушыны кепілге алып, оны және өзін жарақаттаймын деп қорқытқан. Осы сәтте полицейлер дүкенге екінші есік арқылы кірген. Тәртіп сақшылары ер адамды әңгімеге тартып, назарын басқа жаққа аударғанда, жәбірленуші қашып үлгереді. Күдікті өз кеудесін пышақпен тілгілеп жібереді.
Дәрігерлер 31 жастағы ер адамға көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізді.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.