НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Еңбекшіқазақ аудандық қылмыстық соты жол талғамайтын көлік жүргізіп, төрт қызды қағып кеткен 54 жастағы ер адамға қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ол "Автомобильдi басқаратын адамның абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген, мас күйде жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы" бабы бойынша сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл іс мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында болды, ол қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырған болатын.
Естеріңізге салсақ, 2 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылында 54 жастағы тұрғын "УАЗ" көлігімен жол жиегінде тұрған төрт бірдей оқушы қызды қағып кетті. Салдарынан үш қыз ауыр хәлде ауруханаға түсті, төртіншісі апаттан сақтанып үлгерген. 14 наурызда қыздардың біреуі көз жұмғаны белгілі болды. 5 сәуірде комада жатқан екінші оқушының жан тапсырғаны хабарланды.
Екі қыздың өлімінен кейін күдіктінің әрекеті аса ауыр бап бойынша қайта сараланды, деп хабарлады полиция департаменті.
Оқи отырыңыз: Мас жүргізуші қаққан үш оқушының екеуі көз жұмды: полиция мәлімдеме жасады
"Бастапқыда жол апатына қатысты Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында қыздардың бірінің көз жұмуына байланысты іс 345-1-бап 3-бөлігі бойынша қаралатын болды. Енді екінші зардап шегушінің қаза болуына байланысты күдіктінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігіне (Автомобильдi басқаратын адамның абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген, мас күйде жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы) қайта сараланды", - делінген хабарламада.