Оқиға

Бес метр жерге ұшырды: полицейдің қатысы бар жол апаты туралы куәгерлер айтып берді

© Sputnik / Тимур БатыршинПолицейское авто
Полицейское авто - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.06.2021
Жазылу
Елу жастағы әйелдің артында екі баласы қалды. Марқұмның туыстарының айтуынша, ол апат болған күні жұмыстан кейін баласының аттестат алу рәсіміне баруды жоспарлаған

АЛМАТЫ, 15 маусым – Sputnik. Алматыда полицей қызметтік көлігімен 50 жастағы әйелді қағып кетті. Куәгерлердің айтуынша, әйел жол жиегінде тұрған, көлік соққысынан бес метр жерге ұшып кеткен.

Патрульдік көліктің жүргізушісі қарсы келе жатқан көлікпен соқтығыспау үшін бірден бұрылып кеткенін айтты. Оның сөзінің рас-өтірігін тергеу анықтайды.

Жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болды. Ол көлік жуу орталығында жұмыс істеген. Жұмыс күні аяқталған соң баласының аттестат алу рәсіміне баруды жоспарлаған, дейді марқұмның туыстары.

Олар апатқа кінәлі адам үшін максималды жаза беруді талап етеді. Олардың айтуынша, полиция қызметкері қатты жылдамдықпен келе жатқан, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

"Ол сағатына кемінде жүз шақырым жылдамдықпен жүрген. Оны бес метр жерге ұшырып жіберген. Егер сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүрсе, оның салдары басқаша болар еді", - деді марқұмның туысы Сұңғылшаш Айтуғанова.

Полиция қызметкері оқиға кезінде газель мен көлік жуу жабдықтарына соқтығысқан. Оның иесі мүліктің бүлінгенін миллион теңгеден көп шығын әкелді деп бағалады.

Полиция қызметкері апатты болдырмау үшін көлік жуу жаққа бұрылып кеткенін, байқаусызда сол жерде тұрған әйелді қағып кеткенін айтты.

"Сағат 6:45 шамасында Өтемісұлы көшесімен оңтүстік бағытқа қарай кетіп бара жатқанымда алдымнан автокөлік солға қарай бұрылмақшы болды. Автокөліктен қашып, апатты болдырмау үшін көлік жуу жаққа қарай бұрылып кеттім. Сол кезде байқаусызда алдымда тұрған әйелді қағып кеттім. Кінәмді толық мойындаймын. Марқұмның туыстарына қайғырып көңіл айтамын", - деді полиция қызметкері.

Полицияның хабарлауынша, жол-көлік оқиғасына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Оқи отырыңыз: Алматыда полицей қызметтік көлігімен әйелді қағып кетті

Аталған факті қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда адам өліміне әкеп соғуы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қылмыстық істі Алматы полициясы тергеу басқармасы қарайды.

Әйелдің өлімі үшін жүргізуші бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қайтыс болған әйелдің артында екі баласы қалды.

Жаңалықтар
0