Өңірлер

Тоқ соғатын дүкен: марқұмның әріптесі оқиғаның мән-жайын айтып берді

© Public DomainТок, кабель, электроэнергия
Ток, кабель, электроэнергия - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.06.2021
Жазылу
Қарағанды қаласында тоқтан қайтыс болған ер адам дүкенге қорап пен шелек ұстап кірген. Кірберісте аяғы резеңке шәркейден шығып кетіп, темір еденге тиген. Сол кезде оны тоқ соққан   

НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым – Sputnik. Қарағанды қаласында дүкенде тоққа түскен 33 жастағы экспедитордың өліміне қатысты тың дерек шықты. Оның әріптесі оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлады PatriotNews.

"Денесі қарайып кеткен": Қарағандыда тауар тасыған жігіттің неден қайтыс болғаны айтылды

"Баспалдақтың таянышында ғана емес, кіреберістің бәрінде тоқ болды. Ол күні – 8 маусымда жаңбыр жауып тұрған. Үсті-басымыз малмандай су еді. Айналаның бәрі шалшық су, дымқыл. Ұлан резеңке шәркеймен жүрген. Оны жалаң аяқ кие салыпты. Ол қорап ұстап, алдымда жүрді. Мен шамамен 3-5 метрдей артта болдым", - дейді марқұмның әріптесі.

Ұланның қолы бос болмаған. Бір қолымен қорап ұстаса, екіншісімен 10 келі майонезі салынған шелекті көтеріп жүріпті.

"Ол қолымен ештеңе ұстаған жоқ. Өйткені тауар болды. Кіреберісте темір еденді басқан кезде резеңке шәркейі алға қарай кетіп, өкшесі темірге тиіп кетсе керек. Кернеу оны лақтырып жіберді. Аяғы аспаннан келіп, шәркейі екі жаққа ұшып кетті. Ол айқайлап жіберді де, шалшық суға құлады. Аяқ-қолы тартылып қалды. Сосын жебедей созылды", - деп атап өтті оқиға куәгері. 

Әріптесі оны киімнен тартып, шалшық судан шығарған. Сосын жүрегіне массаж жасап көрген. Бірақ нәтиже шықпаған.  

"Кіреберістегі басқыштар темір бұрыштықтан жасалған. Оған таянышты бекіткен. Біреу таяныштан ұстап қалса, оны да тоқ соғатын еді", - дейді ол.

Қарағандыдағы дүкен: үш күннің ішінде екі адам өлді

Ұланға дейін екі күн бұрын дәл осы кіреберісте 36 жастағы дүкен сатушысы да мерт болған. Сот-медициналық сараптама оның жүрек ауруынан қайтыс болғанын көрсетсе де, әйел кардиологтың есебінде тұрмаған. Жүрегі ауырмаған. 

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сәйкес, сол күні ол дүкенде еден жуған. Суды төгемін де, кіреберіске шыққан. Тура сол жерде көз жұмған. Ол қолымен таянышты немесе басқа бір темір затты ұстаған тәрізді.  

Қазір дүкен жабық тұр. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Дүкен әлеуметтік осал азаматтарға көмек көрсету мақсатында ашылған.  

Жаңалықтар
0