НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр — Sputnik. Алматы облысында жағаұстатарлық қылмыс жасалды. 15 жастағы қызды бөле ағасы 7 жыл бойы зорлап келген. Бұл туралы Facebook қолданушысы Андрей Андреев жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Облыста сұмдық жағдай болып жатыр. Өмір не болып барады? Қыздың бөле ағасы оны біраздан бері зорлап келген. Оған 8 жастан бастап тиіскен. Ал қыздың анасы жиенін қорғап отыр", - дейді Андреев.
Қыздың әке-шешесі ажырасқан. Бас кезінде анасы балалардан бас тартып, әкесіне берген. Олар астанада тұрған. Артынан әкесімен келіспей қалды ма, жоқ, әлде анасы шақырды ма, қайтадан Алматыға көшіп барыпты. Ал кейбір туыстары әйелдің әскери бөлімде жұмыс істегенін, тұрғын үй өтемақысын алу үшін балаларды өз қолына алғанын айтады. Өзі басқа еркекпен тұрады.
"Соңғы кезде жасөспірім қыз туыстарының үйінен шықпай жүр. Біресе анаған, біресе мынаған барады. Бірақ анасына барғысы келмейді. Туыстары себебін сұрағанда айтпады. Алайда артынан бәрін айтуға келісті. Сөйтсе, басқа еркекпен тұратын анасы кей кезде ішімдік ішетін болып шыққан. Ал жеке өмірін ойлағанда қызын Шамалғанға әпкесінің үйіне жібере салады. Ол жерде тәтесінің ұлы – бөле ағасы тиісіп, зорлайды екен. Соңғы рет оны 21 наурызда жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген. Бұның барлығы қыздың 8 жасында басталған", - деп атап өтті Андреев.
Қыздың туыстары бірден полицияға арыз түсірген. Астанадан әкесі де келіпті. Бірақ анасы жиенін қорғап отыр. Тіпті, жиенін қорғауға адвокат жалдаған. Тергеу шаралары да ұзаққа созылып кеткен. Қарасай ауданының тергеушісі қажетті сараптамаларды тағайындамаған. Ал қыздың оқыған мектебінде оқу ісінің меңгерушісі "болары болып, бояуы сіңген нәрсені" қопармауға кеңес берген көрінеді.
Грузияда Әсел Айтпаеваны зорлады деген күдікке ілінген адамның фотосы жарияланды
Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.
"Қарасай аудандық полиция басқармасында 2006 жылғы қызға жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері бойынша оның анасы арқылы туысы болып келетін адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 121-бабы, 4-тармағына сәйкес іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды", - деп жауап берді Күдебаев.
121-бап сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жазаға тартуды көздейді. Оған сәйкес, 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.