Оқиға

Риддердегі алапат өрт: Тоқаев шұғыл көмек көрсетуді тапсырды

© Photo : ДЧС ВКОРиддердегі өрт
Риддердегі өрт - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.05.2021
Жазылу
Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысындағы өрт салдарын жою мен тұрғындарға көмек көрсету жұмыстарын жіті бақылауда ұстап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр - Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Риддер қаласындағы алапат өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуді тапсырды. Ал ол жерде күні кеше ғана тілсіз жаудың құрсауында қалған 35 тұрғын үй күлге айналған болатын.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мәселені президент өз бақылауында ұстап отыр", – деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Өрт қайдан шықты

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өрттің шығу себебі алдағы екі-үш күнде анықталатынын айтты. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Shygys Qazaqstan oblysynyn TJD (@shygysqaz_tjd)

Ал орман өрті 10 мамырда Риддердегі (Шығыс Қазақстан облысы) Лесхоз ауылының маңында басталған. Тілсіз жау тұрғын үйлерге тез тарап кетіп, 35 үй мен 9 қосымша ғимарат жанып кетті. Оқиға орнында төтенше жағдайлар министрлігінің 200 адамы мен 50-ге жуық техника жұмыс істеп жатыр. Өрт сөндіру, құтқару жұмыстарына, тіпті тікұшақтар да жұмылдырылды. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Sputnik Казахстан (@sputniknewskz)

Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарға сүйенсек, қатты желдің әсерінен өрт тез жайылып, аз уақыттың ішінде орманнан тұрғын үй секторына өткен.

1948 жылы туған әйел қайтыс болып, тағы екі адам жан сақтау бөлімінде жатыр.

Өрттен зардап шеккендер қайда тұрады

Облыс әкімі Ахметовтің айтуынша, баспана мәселесін алдағы 2,5 ай ішінде  толығымен шешу көзделіп отыр.

"Мен өртте қаза тапқан ауыл тұрғыны Галина Филаретовна Спивакованың отбасы мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Сондай-ақ, зардап шеккен өзге де тұрғындардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспін", – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Danial Akhmetov (@danial.akhmetov.official)

Аймақ басшысы кеше төтенше оқиға орнына келіп, тұрғындармен кездесті.

"Риддерде құрылысы бітпей қалған жайлы үйлер бар. Біз соларды сатып алып, жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтап, тұрғындырға бергіміз келеді. Арнайы барып, өз көзіммен көріп шықтым. Олар кірпіштен салынған екен. Бүгін құрылыс компанияларымен бірге қалған үйлердің жағдайын бағалаймыз. Егер көпқабатты тұрғын үйден бас тартатындар болса немесе ескіні жөнде деп талап етсе, біз оны істеп береміз", – деді ол. 

Сонымен қатар, Ахметов өртенген тұрғын үй құжаттарын да қалпына келтіруге көмектесуге уәде берді.

"Ал енді мүліктік шығындарға келетін болсақ, төлемдер заңға сәйкес жүргізілетін болады. Комиссия жұмыс істейді, олар шығын көлемі анықталып, тиісті өтемақы төленеді", – деді әкім.

Айта кетейік, қазіргі кезде зардап шеккендердің барлығы сауықтыру кешенінің базасы мен агротехникалық колледж жатақханасына уақытша жайғастыру жұмыстары ұйымдастырылды.

Өзге өңірлерден де көмек ұйымдастырыла бастады

Өңірдегі жағдайға байланысты жергілікті тұрғындармен қатар, өзге облыс пен қала тұрғындары да алаңдап отыр. Тіпті, өрттен зардап шеккендерге аранйы көмек ұйымдастыру шаралары әлеуметтік желілерде басталып кетті. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Osa_News Восточный Казахстан (@osa_news_vko)

Осыған орай, жергілікті азық-түлік дүкендерінде жинау пункттері жасақталып, кейбір автокөлік қауымдастықтары тегін жеткізіп беру қызметін ұсынды.

Сонымен қатар, төтенше жағдайлар министрлігінің сенім телефоны іске қосылды. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж кез-келген адам мына нөмірге қоңырау шала алады: 8 (7232) 55-38-19. Тағы бір айта кетерлігі, сенім телефоны арқылы психологтар да жұмыс істейді.

Жаңалықтар
0