КӨКШЕТАУ, 16 сәуір – Sputnik. Ақмола полицейлері Щучинск қаласында жедел жәрдем көлігіне оқ атты деген күдіктіні тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бурабай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 17 жастағы күдіктіні, сондай-ақ екі куәгерді анықтады. Олардың барлығы – Щучинск қаласындағы колледждердің бірінің студенті", - деді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жастардың айтуынша, олар 11 сәуірде кешкі сағат 22.00 шамасында көпқабатты үйдің ауласында пневматикалық тапаншадан темір бөтелкелерді атқан.
"Оқтың бірі осы уақытта өтіп бара жатқан жедел жәрдем көлігіне кездейсоқ тиіп кеткен. Жастардың автокөлікке қасақана оқ ату ниеті болмаған", - деп нақтылады полиция департаментінің баспасөз қызметі.