НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір — Sputnik. Алматы облысындағы колонияда сотталғандардың бірі екіншісін өлтірді. Бұл жөнінде Sputnik Қазақстан тілшісіне ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады.
"9 сәуірде Алматы облысындағы қауіпсіздігі орташа мекемеде тәртіптік изолятор камерасында екі сотталушының арасында жанжал шықты. Төбелес кезінде сотталғандардың бірі екіншісіне ауыр дене жарақатын салып, салдарынан жәбірленуші көз жұмды", - деп хабарлады комитет.
Колония қызметкерлері зардап шеккен азаматқа шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Бірақ оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы оның қайтыс болғанын айтты.
Болған жайттың мән-жайын анықтау мақсатында оқиға орнына жедел тергеу тобы, прокуратура өкілдері және ҚАЖД басшылығы келді.
"Жаза мерзімін өтеп жатқан азаматтар қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-бөлімі (Ұрлық) және 192-бабының 2-бөлімі (Қарақшылық) бойынша сотталған. Олар абақтыда ұстау режимін бірнеше рет бұзған және тәртібі өте нашар деп бағаланып келген", - деді ҚАЖК.
Осы факті бойынша іс материалдары сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркеліп, қазір қызметтік тергеу жүріп жатыр.