Оқиға

Оралда жұмысқа бара жатқан кассирді ұрлап кеткендер көздеген мақсатына жете алмады

© Sputnik / Алексей Лебедев / Медиабанкке өтуМашина
Машина - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.04.2021
Жазылу
Күдіктілер қылмыс орнынан автокөлікпен қашып, байлаулы кассирді жолда қалдырған. Қылмыскерлерден құтылған ол жақын маңдағы үйге барып, полицияға қоңырау шалған

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір — Sputnik. Оралда полицейлер дүкен мен айырбастау пунктін тонап кеткен ер адамдарды ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.   

Орал қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне қала дүкендерінің бірінің сатушысынан қоңырау келіп түсті. Ол тапанша ұстаған ер адамдардың өзін қорқытып, кассадан ақша алып кеткендігін хабарлаған. Бірнеше сағаттан кейін полицияға айырбастау пунктінің кассирі де шағымданған.

Сатушыны тапаншамен қорқытқан қаскөйлер дүкен кассасынан 75 мың теңгені алып кеткен. Оқиға орнында жедел уәкілдер қылмыскерлердің дүкеннің ғимаратында орналасқан айырбастау пунктін де тонағанын анықтады. Ол жерден ер адамдар бір жарым миллион теңге, 260 АҚШ доллары, 260 еуро, 169 мың Ресей рублін, сондай-ақ кассирдің жеке заттарын алып кеткен.

Қылмыскерлердің көздегені дүкен емес, валюта айырбастау пункті болғандығы белгілі болды. Себебі олар қалай əрекет ететіндерін алдын ала жоспарлаған. Кассир жұмысқа бара жатқанда қаскөйлер оны ұрлап кеткен.

Дүкен арқылы айырбастау пунктінің қызметтік кіреберісіне жетіп, нысанды сигнализациядан алып тастаған, одан соң қызметтік кіреберістің есігін кассирдің кілттерімен ашқан. Ал кассирдің өзі көлікте байлаулы отырған. Кетіп бара жатып, олар дүкендегі кассаны да тонаған. Сатушыны қорқыту үшін қолданылған тапанша жалған екендігі анықталды.

Күдіктілер қылмыс орнынан автокөлікпен қашып, ал байлаулы кассирді жолда қалдырған. Қылмыскерлерден құтылған ол жақын маңдағы үйге барып, полицияға қоңырау шалған.

"Аталмыш қылмыс күндізгі уақытта жасалды. Қылмысты жасау үшін күдіктілер алдын ала дайындалған", – деп атап өтті Орал қаласы ПБ бастығының орынбасары Нұрлан Бисенов.

Бейнебақылау камераларының көмегімен полицейлер қаскөйлердің жүру жолын тексерді. Күдіктілерді іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары олардың мініп кеткен көліктерінің тіркеуде жоқ екенін, яғни есептен шығарылғанын жəне онда жалған ресейлік нөмірлер болғанын анықтады.

Полицейлер үш күдіктіні ұстады. Олардың екеуі Ақтөбе облысының тұрғындары болып шықты. Ер адамдардан заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.

Жаңалықтар
0