АЛМАТЫ, 29 наурыз – Sputnik. Алматыда 19 жастағы Аяжан Еділованы қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінген Түркістан облысының тұрғыны аураханадан шығарылды. Полиция оның үйіне барған кезде күдікті өзін өлтірмек болған. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды. Сол жерде тергеу аяқталғанша болады.
28 жастағы күдікті өзін өлтірмек болып, жарақат алған болатын. Алматы қаласы прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол сауығып жатыр. Сол себепті тергеу кезінде тергеу изоляторына ауыстырылды. Бұған дейін оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған болатын.
Оқи отырыңыз: Аяжан Еділованың күдіктімен жолыққан кезі түсірілген видео жарияланды
Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігінің құқық қорғау органдарындағы дереккөзі қазір іспен арнайы прокурорлар айналысып жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар ол күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар деген қауесетті жоққа шығарды.
"Күдіктінің тұрғылықты жерінен жәбірленуші Аяжан Еділованың заттары ғана табылды. Ол жерде басқа қыздардың құжаты мен заттары болған жоқ. Кейінгі күндері әлеуметтік желіде жарияланып жатқан жаппай кісі өлтіру бойынша ақпарат – жалған мәлімет", - деді дереккөз.
Айта кетейік, 19 жастағы Аяжан Еділова 19 наурызда жоғалып кетті. Оны соңғы рет жұмыста көрген. Қызды іздеу бірнеше күнге созылды. Оның көз жұмғаны 22 наурызда белгілі болды.
Іс бойынша күдікті – Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны ұсталған сәтте өзін өлтіруге тырысты. Алайда дәрігерлер оны құтқарып қалды.
Егер ұсталған адамның кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылдан 20 жылға дейін сотталуы немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.