Оқиға

Аяжан Еділованың өлімі: полиция күдікті туралы ақпарат берді

CC0 / / Ключи
Ключи - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.03.2021
Жазылу
Бойжеткен мекенжайға өзі келіп, пәтерге өзі кірген. Ал күдіктінің қандай тәсілмен оны үйіне шақырғаны тергеу барысында белгілі болады

АЛМАТЫ, 26 наурыз – Sputnik. Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов Аяжан Еділованың өліміне қатысты мән-жайды баяндады. Полицияның ақпаратына сәйкес, марқұм танысу сайты арқылы бейтаныс адаммен 16 наурызда танысқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"20 наурызда 102 нөміріне Еділова Аяжанның із-түссіз жоғалып кету фактісі бойынша хабарлама түсті. 20 наурыз сағат 16:06-да қоңырау шалды. Сол сәтте аталған факт тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу басталды. 21 наурызда арнайы тергеу тобы құрылып, Еділова Аяжанды іздеу жұмыстарына кірісті. 21 наурызда сағат 22:00-де Нұркент шағын ауданында күдікті тұратын пәтер мекенжайы анықталды", - деді полиция.

Ол жерге барған кезде полиция үйдің есігін бұзып кірді. Тәртіп сақшыларын көрген күдікті өзіне қол салмақ болды. Жедел жәрдем шақырылып, ауруханаға жеткізілді

Полицияның сөзінше, күдікті қызды 19 наурыздан 20 наурызға қараған түні өлтіргенін айтқан. Оқиға түнгі сағат он екі - бір шамасында болды. Бұл уақытта оның із-түссіз жоғалып кеткені полицияға хабарланбаған.

Қыздың денесі бөлшектенген күйі табылды. Күдікті мәйітті жасыру мақсатында бөлшектенген дененің бір бөлігін өзі тұратын Алатау ауданынан басқа ауданға апарып, қоқыс жәшігіне тастаған. Бұл да 19-нан 20 наурызға қараған түні болған. Қоқыс жәшігіне тасталған дене бөлшектері табылды, сараптама тағайындалды.

"Жоғалғаны туралы ақпарат түскеннен кейін жәбірленушінің кіммен байланыста болғаны анықталды. Ол күдіктімен әлеуметтік желіде 16 наурызда танысқан. Жедел іздестіру шаралары барысында оның мекенжайы анықталды. Өкінішке қарай, күдікті ұсталған сәтке дейін қылмыс жасап үлгерген", - деді Әбдірахманов.

Қазір күдікті ер адам ауруханада қамауға алынды. Ота жасалып, палатаға шығарылды. Соттың шешімімен қамауға алыну туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды. Медициналық мекемеден шығарылған соң уақытша ұстау изоляторына қамалады.

Ал Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің айтуынша, күдікті мен марқұм Аяжан Еділова кездескен кезде екеуінің арасында жанжал шыққан.

"Жанжал кезінде бойжеткенді өлтіріп, қылмыс ізін жасыру мақсатында денесін бөлшектеді. Аса қатыгездікпен жасалған қылмыс. Денесінің кейбір мүшесін 19-нан 20-на қараған түні қаланың шет-шетіне қоқыс жәшіктеріне лақтырып үлгерді. Кейбір мүшесі үйден табылды", - деді Әзірбек.

Күдікті ер адам бұрын сотталмаған. 1993 жылы туған Түркістан облысының тумасы. Бейнебақылау камераларынан қыздың өз еркімен үйге кіргені анықталды. Полицияның айтуынша, қыз мекенжайға өзі келіп, пәтерге өзі кірген. Ал күдіктінің қандай тәсілмен оны үйіне шақырғаны тергеу барысында белгілі болады.

Айта кетейік, 22 наурызда қыздың жоғалғаны туралы хабарландыру әлеуметтік желілерде пайда болды. Туыстарының айтуынша, 2001 жылы туған Еділова Аяжан 19 наурыз күні сағат 20:43-те Қонаев көшесі 43 үй мекенжайы бойынша жұмыстан шығып кеткен және үйге оралмаған. Бақылау камерасы қызды соңғы рет жұмыстан шыққан кезде түсірген.

Сол күні қыздың денесі табылғаны хабарланды. Қылмыстық кодекстің 99-бабы екінші бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жаңалықтар
0