НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз – Sputnik. Ақтөбеде ер адам бойжеткенді ұрлап әкетіп, оны өзінің әйелі мен балаларының көзінше бірнеше сағат бойы соққыға жыққан, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Бойжеткен ер адаммен кездесіп жүрген. Бірақ отбасылы адам екенін білген соң бір жарым жыл бұрын қарым-қатынасын үзген.
Алайда ақтөбелік азамат қыздың қыр соңынан қалмай, оны аңдумен болған. 8 наурыз мейрамымен құттықтау үшін келген болып аруды далаға шығарып алып, өз үйіне алып келген.
"Мені күштеп ұрлап әкетіп, өз үйіне алып келді де, ұзақ уақыт бойы маған күш көрсетті. Бұның барлығын әйелі мен балаларының көзінше істеді. Одан ішімдіктің иісі қатты шығып тұрды. Ақыл-есі ауысқандай болып көрінді", - деді жәбірленуші.
Ер адам бойжеткеннің екінші әйелі болудан бас тартқаны үшін ашуға булығып, басы мен кеудесі тұсынан аямай ұрып-тепкен. Қаскөйдің заңды әйелі жедел жәрдем де, полиция да шақырмаған. Күйеуінің ата-анасына хабарласқан. Бұзақының әке-шешесі келіп, ұлын сабырға шақырып, жәбірленушіні үйіне жеткізген. Таңертең бойжеткен полицияға шағымданады.
Әбден зорлық көрген қыз жабық бассүйек-ми жарақаты және басқа да жарақаттармен бірнеше күн ауруханада жатқан.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында жас қыз басынан өткен сұмдықты айтып берді – видео
"Аталған факті бойынша дәл сол күні жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптама белгіленді. Жинақталған материал сотқа жолданды", - деді Ақтөбе облысы полициясының баспасөз қызметінің жетекшісі.
Осы іс бойынша сот шешімі екі күн бұрын шықты. Зорлық көрсеткен азаматқа 30 мың теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы кесілді. Алайда жәбірленуші мен қоғам белсенділері бұл жазаның жеңіл екенін алға тартты.
"Мен сот шешімімен келіспеймін. Оның жазаланғанын қалаймын", - деді жәбірленуші.
Ол әділдік іздеп сот шешіміне шағымданбақшы.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, қылмыстық әрекет дұрыс бағаланбаған. Жазасыз қалған ер адам қоғам үшін қауіпті болуы мүмкін.
"Неге адам ұрлау және оны бостандығынан заңсыз айыру қылмысы отбасылық-тұрмыстық жанжал ретінде қарастырылған?! Сот, учаскелік полицейлер, прокурорлар! Неге бұрын қарым-қатынаста болған ер адам қорғансыз әйелді ұрып-соғуға, қысым көрсетуге, ұрлауға құқылы деп ойлайсыздар? Жәбірленуші әділдікке қол жеткізбей тынбаймын деп отыр", - деді "НеМолчиKZ" қорындағылар.