НҰР-СҰЛТАН, 1 наураз – Sputnik. Алматыдағы сауда орталықтардың бірінде болған төбелестің видеосы желіде тарап кетті. Қалалық полиция департаменті осы оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Видеода әйелдердің төбелесіп қалғанын байқауға болады. Оларды сауда орталығына келген ер адамдар да, орталық қызметкерлері де ұстап, арашалап жүр. Оның арғы жағынан бір-біріне әдепсіз сөздерді айғайлап айтып жатқан әйелдердің дауысы естіледі.
Іinstagram желісінде жарияланған видеоның кейіннен өшірілгені белгілі болды. Ал жанжалдың шығу себебі беймәлім күйде қалып отыр.
Қалалық полиция департаменті осы оқиғаның Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабы ("денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру") бойынша тіркелгенін мәлімдеді.
Аталған бап негізінде кінәлілерге 15 айлық есептік көрсеткіш (43 755 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Күйеуін соққыға жыққан бұзақыларға тойтарыс берді - Ақсудағы төбелестің мән-жайы
Ал желі қолданушыларының көпшілігі төбелес шығарғандарды сынға алып, наразылықтарын білдірді.
Олардың бірі: "Масқара, бәрінен бұрын балаларды аяйсың", десе, енді бірі: "Ойын алаңдарының ашылғанын күтіп едік, ал керек болса", – деп жазды.