НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан – Sputnik. Елордалық тәртіп сақшылары есірткіні аса ірі көлемде сатты деген күдікпен 32 жастағы ер адамды ұстады. Күдіктіден бір жарым келіден астам "A-PVP" синтетикалық есірткі тәркіленді, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жеке тексеру кезінде ер адамнан 800 грамм синтетикалық есірткі затын тапты. Күдікті оны Теміртау, Атырау және Павлодар қаласына сатуға жібермек болған.
Сонымен қатар, ұсталған адамның үйін тінту кезінде салмағы 850 грамнан асатын, құрамында "A-PVP" әсерлі психотроптық заттары бар жеті орама пакет табылып, тәркіленді.
Тәркіленген заттың жалпы салмағы 1,5 килограмнан астам "A-PVP" синтетикалық есірткі немесе 5 000 дозадан асады.
Оқи отырыңыз: Жеке ұшақ, қымбат көлік, бірнеше коттедж: Ертаев пен Ибрагимнің мүлкі тәркіленді
Айта кетейік, мұндай көлемдегі есірткінің қара нарықтағы құны 40 миллион теңгенің шамасында бағаланады.
Қазіргі кезде ұсталған адам қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.