НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Алматының екі алаңында рұқсат етілмеген митингтер өтіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жаңа алаңда ресми түрде тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясы мен "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысының өкілдері жиналды. Олардың ішінде ең белсенді деген адамдар сайлауға байкот жариялауға үндеп, алаңмен жүріп өтуге тырысты. Бірақ полиция қызметкерлері бәрін қоршап алды. Олар осы қоршауда бірнеше сағат тұрды. Ал дауыстары мүлдем естілмейді деуге болады. Себебі алаңда музыканы қатты қосып қойған.
Бұған дейін осы екі топтың өкілдері арасында жанжал туындаған. Алайда полиция төбелесті тоқтатты. Кейбіреулерін полиция учаскесіне алып кетті.
Жаңа алаңға сайлауға байкот жариялауға қарсы шыққандар да келді. Олар арнайы жасақ шебінің арғы жағында тұрып, байкотқа шақырған адамдармен сөзге келіп қалды. Қазақстандықтар өз таңдауын жасау керектігін жеткізуге тырысты.
Ал ескі алаңда елімізде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдау" қозғалысының өкілдері жиналды. Олардың алдына әкімдік қызметкерлері шықты. Қоғамдық даму басқармасының басшысы Асхат Өсербаев мегафонды да алып келген.
"Сіздердің митингтеріңіз келісілмеген. Митингті өткізу үшін әкімдікке ескерту жіберуіңіз керек. Сіздердің әрекетіңіз заңсыз", - деді Өсербаев.
Әкімдік өкілі рұқсат етілмеген митинг үшін әкімшілік және қылмыстық жазаның бар екенін де еске салды.
Айта кетейік, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау кезіндегі наразылық акциялары туралы айтып, қарсылық білдірген адамдарға қатысты жазалау шараларының болмайтынын мәлімдеді.
"Наразылық көңіл-күй әлемнің бүкіл елінде бар. Полиция заңға сәйкес әрекет етеді. Ешқандай қудалау шаралары қолданылмайды", - деді Тоқаев сайлау учаскесінде өткен брифингте.
10 қаңтарда республика бойынша мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-де аяқталады.