Оқиға

Автобус жүргізушісін 150 теңге үшін соққыға жықты – полиция ақпарат берді

© Sputnik / Абзал КалиевДрака, иллюстративное фото
Драка, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Полиция бұл оқиға туралы әлеуметтік желілерді бақылау кезінде білген, себебі жәбірленуші құқық қорғау органдарына арыз жазбаған

АЛМАТЫ, 21 желтоқсан – Sputnik. Алматы облысы Іле ауданында бұзақылар автобус жүргізушісін соққыға жықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Іле ауданының полициясына автобус жүргізушісіне шабуыл жасау фактісі бойынша ресми арыз түспегенін хабарлады.

"Оқиға әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында анықталды. Жәбірленушіден құқық қорғау органдарына арыз түскен жоқ. Қазір осы оқиғаға қатысы барлар мен куәгерлері анықталып жатыр. Процессуалдық шешім тергеу нәтижелері бойынша қабылданады", - деп хабарлады полиция.

Дерек бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен жүргізушінің 20 желтоқсанда Іле аудандық ауруханасына түскенін растады. 

"Ер адамға кеуде қуысының соққы тию диагнозы қойылды. Еш жері сынбаған. Жағдайы қанағаттанарлық. Тексеруден кейін науқас амбулаториялық емдеуге жіберілді", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Жетіген ауылының теміржол станциясында маршруттық автобустың жүргізушісін бірнеше белгісіз адам аяусыз ұрып-соққаны туралы ақпарат пайда болды. Ер адамның қабырғасы сынды, жақын маңдағы ауруханаға жатқызылған болатын.

Хабарламада шақыру бойынша келген дәрігерлердің жерде жатқан ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсететіні түсірілген. Жазба авторы микроавтобус жүргізушісін 150 теңге жол жүру ақысы үшін ұрып-соққанын айтады.

"Бүгін №220 автобус жүргізушісіне күндіз Жетіген ауылының бірнеше жас тұрғыны қарақшылық шабуыл жасады. Жүргізуші ұрып-соғып, қабырғаларын сындырып, барлық ақшасын алып кетті. Полиция бұл адамдарды іздеуде дәрменсіздік көрсетті. Оқиға 150 теңгеден туындады", - дейді автор.

Жаңалықтар
0