Өңірлер

Түлкібаста полицейлерден қашқан көпбалалы әке бір күннен кейін өлі табылды   

© Sputnik / Владислав ВодневАвтомобиль скорой помощи на дороге
Автомобиль скорой помощи на дороге - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ер адамның туған-туыстары тергеу шараларын тыңғылықты жүргізуді талап етіп отыр. Түркістан облыстық полиция департаменті оқиғаға түсініктеме берді

НҰР-СҰЛТАН, 7 желтоқсан – Sputnik. Түркістан облыстық полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметі ер адамның өліміне қатысты тексеріс жүргізіп жатыр. Марқұм қайтыс болардан бір күн бұрын полицейлерден қашқан. Оқиғаның видеосы желіде жарияланды.

Роликтен бір адам қашып бара жатқанын көруге болады. Сосын қуғыншы екеуі тұйық көшеге бұрылып кеткен. Одан кейін не болғаны белгісіз. 

Видео авторының айтуынша, оқиға 2020 жылдың 23 қарашасында болған.

"Ертесінде таңғы сағат 10:00-де дәл сол қашқан жағында ер адамның денесі табылды. Содан бері 12 күн өтті. Бірақ Түркістан облысының Түлкібас аудандық ішкі істер бөлімінен жауап жоқ, тиісті шаралар қабылданбай отыр. Сараптаманың нәтижесі де жоқ", - дейді жазба авторы.

Хабарламада ер адамның сол жақ бұғанасы, қабырғалары мен сол жақ аяғы сынғаны туралы айтылған. Оның алты баласы бар делінген.  

Түркістан облыстық полиция департаменті оқиғаға түсініктеме берді. Қазіргі кезде мәселенің мән-жайы анықталып жатыр.  

"2020 жылдың 23 қарашасыда Түлкібас аудандық полиция бөлімі "Құқықтық тәртіп" шұғыл алдын алу шарасы аясында тексеру шараларын жүргізген. Рысқұлов елді мекеніндегі көшелердің бірінде полицейлер мас күйінде тұрған екі ер адамды байқаған. Құжат талап еткенде екеуі де қаша жөнелген. Құқық қорғаушылар біреуін ұстап, аудандық полиция бөлімшесіне жеткізді. Оған қатысты әкімшілік хаттама рәсімделген болатын. Ал екіншісі қашып кетті", - делінген ресми хабарламада.

24 қараша күні кезекшілік бөліміне қашқынның мәйіті табылғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына шұғыл тергеу тобы аттанды.  

"Мәйтті қарау кезінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмады. Осы факт Түлкібас аудандық полиция бөлімшесінде тіркеуге алынды. Ер адамның өліміне себеп болған жайттарды анықтау мақсатында тексеріс жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды", - дейді баспасөз қызметінің мамандары.

Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін тергеушілер тиісті процессуалдық шешім қабылдайды.

Жаңалықтар
0