АЛМАТЫ, 10 тамыз – Sputnik. Ақтөбе маңындағы жанар-жағармай құю бекетінің бірінде ер адам кассирді пышақпен қорқытып, ақша бопсалаған, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
"Күдікті кассирді пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Дүкен күзетшісі күдіктіге қарсы шықты. Алайда қарақшы күзетшіні итеріп, қашып кетті", - делінген ақпаратта.
Полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар кешенін өткізіп, қылмыс жасалған ауданда орналасқан бейнебақылау камераларын қарады.
Нәтижесінде 22 жастағы күдікті бір тәулік ішінде анықталып, бірнеше күннен кейін ұсталды. Қылмыс құралы болған пышақ тәркіленді.
Оқи отырыңыз: Алматыда балалы әйелге шабуыл жасаған тонаушы қарсылыққа тап болды
Аталған факті бойынша Қазақтан қылмыстық кодексінің 192-бабы "Қарақшылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті Ақтөбе қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.