Оқиға

Жұмадағы трагедия: Алматы түбіндегі ұшақ апатының хронологиясы

© Photo : Пресс-служба Международного аэропорта АлматыОқиға орнында түсірілген сурет, Алматы маңы
Оқиға орнында түсірілген сурет, Алматы маңы  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Бек Эйр" әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы бүгін таңғы сағат жетіде құлады, он екі адам қаза тапқан. 28 желтоқсан елде жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жарияланды

НҰР-СҰЛТАН, 27 желтоқсан – Sputnik. Бүгін Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам көз жұмды, 49-ы зардап шекті. Қазақстан президенті 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады.

Алматы түбіндегі жантүршігерлік апаттың хронологиясын Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыздар.

Алғашқы хабар

27 желтоқсан күні таңғы 07:22-де Bek Air әуе компаниясының Алматы – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша №Z2100 рейсін орындаған Fokker 100 ұшағы  апатқа ұшырады. Оқиға Талғар ауданындағы елді мекенде болды.

Ұшақ бетон қоршауын бұзып, екі қабатты ғимаратқа созылмаған. Абырой болғанда, ғимаратта ешкім болмаған.

Алматы әуежайының президенті Болат Ержанов мәлімдегендей, сағат 07:25-те дабыл қағылған, ал 07:40-та ұшу жетекшісі ұшақтың радардан жоғалып кеткенін жариялады.

"Біздің қызметкерлер бірден сол жерге аттанды. Бұл апатты-құтқарумен қамтамасыз ету және авиациялық қауіпсіздік қызметтері. Жолаушыларды эвакуациялау бойынша шаралар қабылданды. Біздің жедел жәрдем де келіп жетті. Құлаған ұшақтан шығарылған жолаушылар медициналық көмек көрсету үшін терминалға жеткізілді", - деді әуежай президенті.

7.43-те 103 пультіне қоңырау түсті. Оқиға орнына Алматы облысының 16 шұғыл көмек бригадасы аттанды. Алматының 35 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Сондай-ақ, апат орнынат екі нейрохирургиялық бригада да жіберілді.

© Photo : Пресс-служба Международного аэропорта АлматыАлматы маңындағы апат орны
Жұмадағы трагедия: Алматы түбіндегі ұшақ апатының хронологиясы - Sputnik Қазақстан
Алматы маңындағы апат орны

08:46-да әуежай қызметкерлерінен ұшақтың құлағаны туралы алғашқы ақпарат түсті.  

Әлеуметтік желі қолданушылары мен БАҚ апат орнынан суреттер мен видеолар жариялай бастады.

Апаттан кейінгі жағдай

Сағат 09:00-де индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі премьер-министр Асқар Мамин жетекшілік ететін үкіметтік комиссия құрылғанын хабарлады. Комиссия құрамына индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен басқа мемлекеттік органдардың өкілдері енген. Комиссия оқиға орнына ұшып шықты.

Сондай-ақ, оқиғаның мән-жайы анықталғанға дейін Fokker 100 ұшағын пайдалануға уақытша тыйым салынғаны белгілі болды.

Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған.

Тағы оқыңыз: Алматыда ұшақ құлады: желіде сәбиді құтқару сәті түсірілген видео тарады

9.00-де жеті адамның қаза тапқаны хабарланды. Кейінірек, көз жұмғандар саны 14-ке жеткені белгілі болды, бір адам ауруханада жан тапсырған.

9.05-те ішкі істер министрлігі қауырт желінің нөмірлерін хабарлады:

8 (7172) 53-32-84;

Алматы облысы ТЖД: 8 (7282) 22-02-13, 22-02-18;

Нұр-Сұлтан ТЖД: 8 (7172) 24-52-12, 24- 51-71, 24- 51- 47.

09:32-де Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатынан қаза болғандардың жақындарына қайғырып көңіл айтты. Артынша сенат спикері Дариға Назарбаева мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та көңіл айтты.

9.36-да Төтенше жағдайлар комитеті қаза болғандар саны тоғыз адамға жеткенін хабарлады. Тоғыз адам, соның ішінде алты бала зардап шеккен.

10.25-те дәрігерлер кемінде 30 адамның зардап шеккенін мәлімдеді.

10.30-да Алматы әкімдігі зардап шеккен 23 адамның тізімін ұсынды.

10.30-дағы жағдай бойынша Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына түрлі жарақатпен сегіз бала жеткізілді. Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына бес ересек адам түсті. №4 қалалық клиникалық ауруханасына 17 пациент өте ауыр хәлде жеткізілді.

© Sputnik / Тимур БатыршинОқиға орнында жүрген құтқарушылар
Жұмадағы трагедия: Алматы түбіндегі ұшақ апатының хронологиясы - Sputnik Қазақстан
Оқиға орнында жүрген құтқарушылар

10.42-де Bek Air компаниясының бірнеше рейсі тоқтатылды.

10.47-де бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин алматылықтарды әуе апатынан зардап шеккендерге қан тапсыруға шақырды. Кейінірек қалалық денсаулық сақтау басқармасы орталықта қан жеткілікті екенін хабарлады. Дейтұрғанмен, Алматының қан тапсыру орталығында ұзын-сонар кезек түзілді.

10.47-де белгілі блогер Денис Кривошеев ұшқыштың қазасы туралы хабарлады. Қаралы хабарды түсте төтенше жағдайлар комитеті де растады.

11.00 шамасында оқиға орнына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та келді. Қала басшысы іздеу-құтқару жұмыстарының барысын қарап, ауруханада жатқандардың жағдайын білуге барды. Сонымен қатар, қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Алматы әуежайы да сол уақытта жолаушылардың толық тізімін жариялады.

"Бек Эйр" әуе компаниясы ұшақ құлағаннан кейін алғашқы мәлімдемесін 4,5 сағаттан соң бір-ақ жасаған.

12:00 шамасында зардап шеккендерге қатысты жаңа деректер шықты:

  • ауруханаға жеткізілгендер – 66 адам;
  • жатқызылғандар – 50 адам;
  • ауыр хәлде – 6 адам;
  • өте ауыр хәлде – 6 адам;
  • балалар ауруханасында – 19 адам.

Зардап шеккен бірнеше адамға ота жасау қажет.

12.00-де әуежайда Алматы ТЖД мен әуе компаниясы өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. ТЖ департаменті басшысының орынбасары құлаған ұшақтан 88 адам шығарылғанын мәлімдеді.

Әуежай президенті Болат Ержановтың мәліметінше, әуежайда 60 жолаушыға қызмет көрсетіліп, қалалық ауруханаларға жіберілді.

Экипаж құрамында әуе кемесінің командирі Марат Мұратбаев, екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов, үш бортсерік болған.

Тағы оқыңыз: "Жұрт дүрлігіп, жылады": ұшақта болған кәсіпкер апат кезінде не болғанын айтты

"Барлығы бес экипаж мүшесі. Бортта 93 жолаушы болды. Олардың 85-і – ересек, үлкен бес бала мен үш кішкентай бала. Бортқа 603 келі жүк тиелген", - деп толықтырды әуежай президенті.

12.30-да зардап шеккендер арасында шетелдіктер де бары анықталды: Украинаның екі азаматы, біреуі Қырғызстан, тағы біреуі Қытай азаматы.

12:30-дағы мәлімет бойынша ұшақ апатынан 12 адам, соның ішінде экипаж командирі көз жұмған.

"Алматының түрлі медициналық мекемесіне 49 адам жатқызылды. Оның ішінде 18 пациенттің хәлі ауыр, қалғандарына медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Қауырт желі телефонына 603 қоңырау түсті", - делінген ішкі істер министрлігінің хабарламасында.

12.42-де аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-тармағы (Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны белгілі болды. Тәжірибелі тергеушілер мен криминалистерден жедел тергеу тобы құрылды. Құрамына ІІМ орталық аппаратының, Алматы мен Алматы облыстарының көлік полициясы департаменттерінің, ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері кірді.

12.59-да президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялағанын хабарлады.

13.00-де Төтенше жағдайлар комитеті 12 адамның қаза болғанын мәлімдеді. Олардың арасында генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров пен ірі ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы Дана Круглова да бар.

Түскі бір шамасында апат маңындағы елді мекеннің тұрғындары құтқарушыларға ыстық тамақ дайындап, қолдан келген көмегін көрсетті.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ainews.kz (@ainews.kz)

14.00-де вице-премьер Роман Скляр Алматыдағы әуе апатының мән-жайын айтты.

Оның айтуынша, ұшақтың артқы бөлігі ұшу-қону жолағына екі рет жанасқан.

"Бүгін біз ұшу-қону жолағына әуе кемесінің артқы бөлігінің бірізді сипатта екі рет жанасқанын анықтадық. Жолаққа жанасу аралығы 300-400 метр шамасында болды. Ұшар кезде әуе кемесі екі рет ұшу-қону жолағына соқтыққан", - деді Скляр.

Кейін ұшу-қону жолағы аяқталғаннан кейін, әуе кемесі оңға бұрылған. Шасси бұл уақытта жинақталып қойған. Ұшақ ұшып кетпек болғанмен, оң жаққа ауып кетіп, жер үйдің қоршауына соғылған.

"Ұшақ қаққа бөлінді, негізінен, әуе кемесінің алдыңғы бөлігінде отырған жолаушылар қаза тапты", - деп толықтырды үкімет басшысының орынбасары.

Тағы оқыңыз: Танымал адвокат ұшақ апатынан қалай аман қалғанын айтып берді

Құтқару жұмыстарына мыңдаған адам, 72 техника жұмылдырылды.

"12 адам қаза тапты, сегізі –  оқиға орнында, екеуі – ауруханада, екеуі Алматы халықаралық әуежайында. Ұшақ командирі көз жұмды, екінші ұшқыш ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр", - деді ол.

Скляр Алматы қаласы мен Алматы облысының ауруханаларына 49 адам жеткізілгенін, оның ішінде 18 адам ауыр хәлде жатқанын мәлімдеді.

Склярдың брифингі басталар алдында қаза болғандардың толық тізімі жарияланған еді.

Түстен кейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов зардап шеккендердің жағдайы өзінің жеке бақылауында екенін мәлімдеді. Пациенттер барлық қажетті препаратпен және көмекпен қамтамасыз етілген.

15:00 шамасында ресейлік Рен-ТВ телеарнасы диспетчерлердің Fokker-100 ұшағының экипажымен сөйлескен сәті жазылған аудиожазбаны жариялады.

Кешкі алтылар шамасында мемлекет басшысының тапсырмасымен ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 4 миллион теңгеден бөлінетіні хабарланды.

Сондай-ақ, президент елдегі барлық әуе компаниясының жұмысын тексеруді, Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын зерттеу жөнінде шара қабылдауды тапсырды.

Жаңалықтар
0