Оқиға

Нұр-Сұлтандағы апат: Өрттің қалай сөндірілгені белгілі болды

© Sputnik / Дәурен ЕрболатМамандар елордадағы өрттің қалай сөндірілгенін айтты
Мамандар елордадағы өрттің қалай сөндірілгенін айтты - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Басқарма басшысы Ернат Бәзіл түнгі сағат 2:30-да сол жағалаудағы ғимараттар жарық көзінен ажыратылғанын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл "Левобережная" қосалқы станциясынан шыққан өрттің қалай сөндірілгенін айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның мәліметінше, 2019 жылдың 10 қарашасында кабель желісінің зақымдануынан қосалқы станциядан өрт шыққан. Ал түнгі сағат 2:04-те сол жағалаудағы ғимараттарды жарықтан ажырату басталған.

"Бірінші "Керуен" сауда үйіндегі жарық өшірілді. Жарты сағаттың ішінде қосалқы станция сөндірілді. Себебі, өрттің нақты қайдан шыққанын білмедік.Түтін шығып жатқандықтан қосалқы станцияны жарықтан ажыраттық. Кейін Сығанақ пен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы "Абу-Даби Плаза" ғимаратының маңындағы 60 метр кабель өртенгенін анықтадық", - деді ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте.

Ернат Бәзіл түнгі сағат 2:30-да сол жағалаудағы ғимараттар жарық көзінен ажыратылғанын атап өтті.

"Оқиға орнына Астана аймақтық электржелілік компаниясының 16 маманы және 6-8 арнайы техника жұмылдырылды. Олар кабельді ауыстыру үшін 1,5 тәулік бойы күндіз-түні жұмыс істеді. Жанып кеткен барлық кабельді алып, жаңасын салдық. Өртті толығымен таңғы сағат 9-да өшірдік. Көп жұмыс жүргізілді", - деді басшы.

Сонымен қатар ол сол жағалаудағы ғимарат пен көпқабатты тұрғын үйлердың басым бөлігіне электр қуаты берілгенін атап өтті. Тек "Бәйтерек" монументі мен "Мәскеу" сауда үйіне жарық беру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ғимараттарға 30 минуттан соң жарық берілуі мүмкін.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Эльдор Райымбековтің айтуынша, "Левобережная" қосалқы станциясынан өрт шыққаны туралы хабар "101" пультіне түнгі сағат 03:50 түскен.

"Оқиға орнына шұғыл түрде №3 өрт сөндіру қызметінің мамандары жіберілді. Өрт Сығанақ көшесі, 12 үйдің маңайынан шыққан. Одан бөлек, "Астана РЭК" компаниясы апаттық қызметінің мамандары тартылды", - деп түйіндеді ол.

Нұр-Сұлтан қалай жарықсыз қалды?

Сол жағалаудағы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар, соның ішінде Ақорда, Nur Otan, үкімет, сенат пен мәжіліс, министрліктер үйі, Жоғарғы сот бір тәуліктен аса уақыт жарықсыз қалды. Оған "Левобережная" қосалқы станциясындағы апат себеп болған. Белгілі болғандай, станцияның қосалқы каналынан өрт шыққан. Өрт сөндіру бригадаларын тоқ соқпауы үшін кабель желісіне қосылған тұтынушылар тоқтан ажыратылды.

Тағы оқыңыз: Тоқаев жарықтың сөнуіне кінәлілерді анықтауды тапсырды

11 қараша күні таңертең қала билігі апат салдары жойылып, бірқатар үй мен әкімшілік ғимараттарға жарық берілгенін хабарлады.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке арнайы комиссия құрып, кінәлілерді анықтауды тапсырды.

Ішкі істер министрлігі апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Жаңалықтар
0