Экономика

Президент Орталық Азия елдеріне Үндістанмен көлік бірлестігін құруды ұсынды

© Официальный сайт Президента КазахстанаКасым-Жомарт Токаев
Касым-Жомарт Токаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.01.2022
Жазылу
Қазақстан президенті Орталық Азияның көлік-логистикалық әлеуеті зор екеніне сенім білдірді
АЛМАТЫ, 27 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Үндістан" бірінші онлайн-саммиті кезінде елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды.
Тоқаев елдер үшін сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және Орталық Азия мен Үндістан арасындағы транзит-көлік байланыстарын, Каспий теңізі мен Парсы шығанағы порттарын жолға қоюға басымдық беру керек екенін айтты.
"Сенімді, тиімді және қауіпсіз транзиттік инфрақұрылым құру Орталық және Оңтүстік Азияның өзара байланысының негізі болуы керек деп ойлаймын. Ол үшін өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл құрылым Үндістан бағытындағы көлік қозғалысын өзара тиімді үйлестіруді қамтамасыз ете алар еді", - деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесінде Орталық Азияның көлік-логистикалық әлеуеті зор екенін атап өтті.
Атап айтқанда, Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді. Оның ішінде 5 теміржол және 6 автомобиль бағыты Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағытында жүк қозғалысын қамтамасыз етеді.
"Солтүстік-батыс бағытта ЕАЭО кеңістігінде бірыңғай кедендік аумақты ескерсек, Ресей нарығына, сондай-ақ Шығыс Еуропаның бірқатар еліне кедергісіз өту мүмкіндігі бар. Қуаты жылына 26 миллион тонна болатын Ақтау және Құрық порттары арқылы өтетін оңтүстік-батыс бағытының да келешегі бар", - деді Тоқаев.
Сондай-ақ ел президенті кейінгі 10 жылда Қазақстан ұлттық көлік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 30 миллиард доллар инвестиция салғанын айтты. Болашақта мемлекет оны жаңғыртуға қомақты инвестиция салуды жалғастырады. Себебі теңізге шыға алмайтын Орталық Азия өңірі үшін бұл стратегиялық маңызы бар мәселе.
Айта кетері, Орталық Азия елдері мен Үндістанның тауар айналымы 2020 жылы 3 миллиард долларға жетті, Қазақстанның осы саудадағы үлес салмағы 80%-ті құрады.
"Орталық Азия – Үндістан" онлайн форматтағы бірінші саммитте елдер көшбасшылары мемлекеттер арасындағы түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайту және кеңейту перспективаларын талқылады.
Іс-шараға Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан президенттері және Үндістан премьер-министрі қатысты.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Орталық Азия елдері мен Үндістан басшысына өтініш жасады 
Жаңалықтар
0