НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаты Дания Еспаева микроқаржы ұйымдарының халықты тонап жатқанын мәлімдеді. Себебі 145 мың теңгеге дейінгі кредиттердің тиімді мөлшерлемесі 2 мың проценттен асады. Халық дәл осы кредитті жиі алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ондай борышты ұзарту немесе қайта құрылымдау туралы микроқаржы ұйымына жасалатын өтініш көп жағдайда оң шешімін таппайды. Осылайша азаматтар 145 мың теңге көлемінде кредит алып, қарызға белшесінен батып жатыр. Қазіргі кезде мұндай жағдайлар республика бойынша өте көп ", - деді Еспаева мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, қарыздың бұл түріне халықтың әлеуметтік осал тобы жүгінеді, олар көбінесе тұрмыстық мақсатта, тұрғын үйге немесе емделуге кредит алуға мәжбүр. Ал микрокредиттер бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме 2333 процентке дейін жетіп жатады.
Осы орайда депутат екі жыл бұрын микроқаржы ұйымдарына қатысты заң қабылданғанын еске салды. Оған сәйкес, кредиттің тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 проценттен аспауға тиіс. Алайда бұл шектеуге 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 145 800 теңгеден аспайтын қарыздар ілінбей қалды. Ондай микрокредиттер ұлттық банктің заңға тәуелді актісімен реттеледі екен.
"Ұлттық банк басқармасының "Микрокредит шарты бойынша сыйақының шекті мәнін белгілеу туралы" 2019 жылдың 26 қарашасындағы №209 қаулысымен 50 АЕК-ке дейінгі қарыздардың мөлшерлемесі микрокредит сомасының 30 процент мөлшерінде белгіленеді. Енді осыны сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептейтін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің калькуляторына енгізсек, қарыз сомасы 100 мың теңге, ал оны бір айдан кейін 130 мың теңге мөлшерінде қайтарған жағдайда сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі шамамен 2333,95 процентті құрайды", - деп атап өтті Еспаева.
Депутаттың ойынша, ұлттық банктің өзі халықты тонауға жағдай жасап отыр. Сөйтіп кредит алушыларды қарызға батырған.
Оқи отырыңыз: Егер банк жабылып қалса, одан алған кредит кешіріле ме
Ресми мәліметке сәйкес, 2020 жылдың басында 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомаға және 45 күнге берілген микрокредиттердің жалпы сомасы 61,5 миллиард теңгені құраған. Ал 2021 жылдың басында 71,9 миллиард теңгеге дейін жетті.
"Бұл дегеніміз, микрокредиттік және онлайн компаниялар ұлттық банк ұсынған айла-амалды пайдаланып кетті", - дейді Еспаева.
Осыған байланысты мәжілістегі "Ақ жол" фракциясы үкіметке депутаттық сауал жолдап, барлық микрокредиттің мөлшерлемесін 56 проценттен асырмауды ұсынды.