Экономика

Парламент үш жылдық бюджетті қабылдады

CC0 / / Бизнес-расчеты
Бизнес-расчеты - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.11.2021
Жазылу
Мәжіліс депутаттары сенат енгізген барлық өзгерісті бірауыздан мақұлдады. Осылайша, үш жылдық бюджет қабылданып, президенттің қол қоюына жіберілді

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаттары сенат қайтарған үш жылдық бюджетпен келісті. Жоғарғы палата оған жүздеген өзгеріс енгізген болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Сенат 107 өзгеріс енгізген. Осы түзетулер 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін өзгертпейді. Үкімет резервін қайта бөлу есебінен республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 64,5 млрд теңгеге, 2023 жылы 15,1 млрд теңгеге, ал 2024 жылда 6,4 млрд теңгеге ұлғайтылып отыр", - деді депутаты Анатолий Бойчин мәжілістің жалпы отырысында.

Мәжіліс депутаттары сенат енгізген барлық өзгерісті бірауыздан мақұлдады. Осылайша, үш жылдық бюджет қабылданып, президенттің қол қоюына жіберілді.

Сенаторлар қандай өзгеріс енгізді

Заң жобасын талқылау барысында сенаторлар үш жылдық бюджетке бірқатар өзгеріс енгізді. Олар:

  • мемлекеттік қызметшілерге факторлық-балдық шкала енгізуге 2022 жылы – 44,4 миллиард теңге;
  • автожолдарды реконструкциялау мен дамытуға жалпы сомасы 8,2 миллиард теңге, оның ішінде 2022 жылы – 4,5 миллиард теңге;
  • су құбыры желілерін салуға және жөндеуге жалпы сомасы 8,1 миллиард теңге, оның ішінде 2022 жылы – 3,8 миллиард теңге;
  • 2022 жылы газбен жабдықтауға – 1,2 миллиард теңге;
  • жеке тұрғын үй құрылысының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салуға жалпы сомасы 3,3 миллиард теңге, оның ішінде 2022 жылы – 2,6 миллиард теңге.

Бұдан бөлек, функцияларды беруге байланысты мемлекеттік органдар арасындағы қаражат қайта бөлінді, сондай-ақ депутаттардың басқа ұсыныстары қолдау тапты. Шығыстарды 86,0 миллиард теңгеге ұлғайту да ұсынылды. Оны үкімет резервіндегі шығыстарды қайта бөлу есебінен жүзеге асырады.

Әлеуметтік салаға қанша ақша бөлінеді

Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі:

  • 2022 жылы – 15 912 миллиард теңге;
  • 2023 жылы – 15 624 миллиард теңге;
  • 2024 жылы – 16 029 миллиард теңге.

Үшжылдық бюджет шеңберінде жалпы мемлекеттік шығыстарға 11 187,0 миллиард теңге, оның ішінде 2022 жылға – 3 589,0 миллиард теңге, 2023 жылға – 3 771,0 миллиард теңге, 2024 жылға – 3 827,0 миллиард теңге көзделген.

Әдеттегідей үш жылдық бюджет шығыстарының басым бөлігі - 26,7 триллион теңге әлеуметтік салаға тиесілі. Соның ішінде 2022 жылға – 8,0 триллион теңге. Ол биылғы жылдан 643,0 миллиард теңгеге артық. 2024 жылға дейін тағы 10 процентке ұлғаяды.

Мүгедектер құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша іс-шаралар жоспарын іске асыруға үш жылдық бюджетте 80,0 миллиард теңге қарастырылған. 2022 жылда 22,7 миллиард теңге бөлінеді.

Нақты салаларға бөлінетін қаржы

Үш жылдық бюджет жобасында білім және ғылым жүйесін дамытуға 7,0 триллион теңге қарастырылған. Осы ақшаға қосымша ақылар, педагогтың жалақысын арттыру, қала мектептерін жан басына шаққанда қаржыландыру, гранттар құнын ұлғайту, стипендия мөлшерін арттыру және тағы басқа шаралар атқарылады.

Мәдениет пен спортты дамытуға 412,0 миллиард теңге бөлінеді. Ал 3,5 триллион теңгені мына салаларға жұмсау жоспарланған:

  • жеке инвестициялар тарту;
  • республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды дамыту;
  • ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету;
  • тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету;
  • газ тасымалдау жүйесін дамыту;
  • АӨК дамыту және тиімділігін арттыру;
  • экономика салаларын технологиялық жаңғырту және цифрландыру үшін жағдай жасау.

Мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру көлемі қандай

Үш жылдың ішінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінетін қаржы:

  • "Нұрлы жер" – 469,0 миллиард теңге, оның ішінде 2022 жылға – 374,0 миллиард теңге;
  • 2025 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасына – 278,0 миллиард теңге, оның ішінде 2022 жылға – 174,0 миллиард теңге;
  • Бизнестің жол картасы-2025 бағдарламасына – 270,0 миллиард теңге, оның ішінде 2022 жылға – 76,0 миллиард теңге;
  • Индустриялды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасына – 39,5 миллион теңге, оның ішінде 2022 жылға – 23,6 миллион теңге көзделген.

Аграрлық секторды дамыту үшін үш жылдық кезеңге 524,0 миллиард теңге, оның ішінде 2022 жылға 253,0 миллиард теңге қарастырылған.

Көлік инфрақұрылымын дамытуға 2022 – 2024 жылдары 859,0 миллиард теңге, оның ішінде 2022 жылы – 466,0 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.

2022 – 2024 жылдары газдандыруға 99,0 миллиард теңге көзделген, оның 45,3 миллиард теңгесі 2022 жылы бөлінеді.

Ал мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық тәртібін қорғауға және ішкі тұрақтылықты сақтауға, дағдарысты жағдайларда халықты қорғауды және басқарудың орнықтылығын қамтамасыз етуге 4,5 триллион теңге қарастырылған.

Жаңалықтар
0