Экономика

Бағасы қанша болады – министрлік дизель отынына қатысты болжам жасады

© Sputnik / Павел Лисицын / Медиабанкке өтуЗаправка автомобиля дизельным топливом, архивное фото
Заправка автомобиля дизельным топливом, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.10.2021
Жазылу
Дизель отыны тапшылығына бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, өнімді өндіру көлемі азайды. Екіншіден, тамыз-қыркүйек айында дизель отынын тұтыну көлемі күрт өсті

НҰР-СҰЛТАН, 12 қазан – Sputnik. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов дизельді отын бағасы қай кезде тұрақты болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Тоғыз ай ішінде дизельді отынның орташа бағасы бір литрі үшін 188 теңгені құрады. Бірақ соңғы кезде 208 теңгеден бастап 330-ға дейін жетеді. Валютаның бағамы құбылады ғой, соған ұқсас. Біздің болжамымыз бойынша дизельді отынның жеткізілуіне қарай айырмашылық қысқарады. Сондықтан маусымаралық отын бойынша 330 теңге сияқты тым жоғары баға болмауы керек. Меніңше, ол баға айтарлықтай төмендейді", - деді Мағауов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Вице-министрдің айтуынша, дизельді отынның тапшылығына бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, өнімді өндіру көлемі азайды. Себебі Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Екіншіден, тамыз-қыркүйек айында дизельді отынды тұтыну көлемі күрт өсті. Бағасы да тиімді болған. Қорда болған дизель жылдам таусыла бастады. Осыған байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытын жоспарлы жөндеу шаралары келесі жылға шегерілді. Бұдан бөлек, көрші Ресейден қосымша өнімді сатып алуға шешім қабылданды. 1-8 қазан аралығында Қазақстанға 32 мың тонна дизель отыны жеткізілді.

"Осы айда өзімізде өндірілетін дизельді отынның көлемі 330 мың тонна болады. Оған қоса, импортпен 80-100 мың тонна келеді. Сондықтан дизельді отынды жеткізу жағынан тұрақтылық болады деп отырмыз", - деп атап көрсетті Мағауов.

Вице-министр Ресейден жеткізілетін дизельді отын бағасына да тоқталды. Оның айтуынша, шекаралас аймақтарда көрші елден алынған жазғы және мауысымаралық дизельдің бағасы 230 теңгеден басталады. Ал қысқы түрі 260-270 теңге тұрады.

"Бұл - ірі тасымалдаушының бағалары. Көбісі қымбатқа сатып алады. Қыста дизелдің маусымаралық түріне сұраныс төмендейді. Ал қысқы дизельді отынның бағасы қашанда жоғары болған. Бұған дейін бір литрі 250-270 теңге тұрған. Меніңше, инфляцияны ескере отырып, біршама өзгеріс болады", - дейді Мағауов.

Вице-министр нақты бағаны атаған жоқ. Бірақ 330 теңгеден төмен түсетініне сенімді.

Жаңалықтар
0