Экономика

"Ондай кредитті қайтару қиын": маман қандай несиеден бас тарту керектігін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневБанковские карты
Банковские карты - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.09.2021
Жазылу
Кредит бойынша жасалатын төлем мөлшері жалақының 30 процентінен аспауға тиіс. Себебі күтпеген жағдайлар шығып қалуы мүмкін. Оған да ақша қажет болады

НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек – Sputnik. Банктен алынған кейбір кредиттерді қайтару өте қиын. Ондайда адам қаржы жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыда қиналады. Sputnik радиосына сұхбат берген қаржы кеңесшісі Ольга Трофименко қандай қарызды үлкен дайындықпен алу қажеттігін айтты.

"Ең жағымсызы – ойын-сауыққа жұмсалған кредиттер. Той, демалыс, саяхат және тағысын тағы. Қуанышты күн өтеді, ал кредитті айлап, тіпті, жылдап төлеуге тура келеді. Қарыз алған адам үй жалдап тұрса, уақыт өте келе, қаржы жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыда қинала бастайды. Себебі ақшаның біраз бөлігі ай сайын қарызды жабуға кетеді. Ондай кредитті қайтару қиын", - деді Трофименко.

Сарапшының айтуынша, банктің кредит картасындағы ақша да қиын қайтарылады. Өйткені адам байқамай, көп нәрсе алып қоюы мүмкін. Сөйтіп, қарызға белшесінен батып кетеді.

"Ал банктер лимитті жиі көбейтіп отырады. Сонда адам кредит картасын қолданғанда қанша ақша жұмсағанын байқамай қалады. Негізі кредит картасының ақшасына көп жағдайда қажет емес заттар сатып алынады. Адамдар соның бәрін аяқ астынан ала салады. Артынан төлем жасап, кредит мөлшерін азайтады. Бірақ тағы бір нәрсені ұнатып қалса, тағы кредит картасын алып шығады. Кредит шырмауына түсіп қалады", – деп атап көрсетті Трофименко.

Оның сөзіне қарағанда, кредит бойынша жасалатын төлем мөлшері жалақының 30 процентінен аспауға тиіс. Себебі күтпеген жағдайлар шығып қалуы мүмкін. Оған да ақша қажет болады.

"Кредит алардың алдында өз мүмкіндігіңізді бағалап алыңыз. Қаржы қоры болуы қажет. Оны күтпеген жағдайларда пайдалануға болады. Қаржылай мүмкіндігіңіз болса да, ай сайынғы ең үлкен төлемді таңдамаңыз. Одан да барынша ыңғайлы төлемді алып, ақша болса, қарызды мерзімінен бұрын жауып отырған дұрыс", - дейді қаржы маманы.

Ал кредит бойынша ай сайынғы төлем мөлшері табыстың 50 процентінен артық болса, қарыздан шықпай қалу қаупі бар. Ондайда адам тағы кредит алып, алдыңғы қарызды жабуға тырысады. Бірақ мәселе мұнымен шешілмейді.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0