Экономика

"Мұны қалай түсіндіруге болады": депутат Қытаймен тез арада келіссөз жүргізуді сұрады

© Sputnik / Абзал КалиевДания Еспаева
Дания Еспаева - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.09.2021
Жазылу
Қытай билігі пандемияға байланысты Қорғас-Алтынкөл және Алашанькоу-Достық өткелдері арқылы Қазақстанға теміржол рейстерін уақытша тоқтатты

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаттары Қытай билігімен елге жүк тасымалдау проблемаларына қатысты үкіметтік деңгейде келіссөз жүргізуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ақ жол" фракциясы Қытай шекарасы арқылы жүк жеткізу проблемасын қозғады. Мәжілісмендер депутаттық сауалды вице-премьер, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге, сауда және интеграция министр Бақыт Сұлтановқа және индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа жолдады.

Депутат Дания Еспаеваның айтуынша, Қытай билігі пандемияға байланысты Қорғас-Алтынкөл және Алашанькоу-Достық өткелдері арқылы Қазақстанға теміржол рейстерін уақытша тоқтатты. Соның салдарынан қазақ-қытай шекарасында бес мыңға жуық тауар контейнері тұралап тұр. Егер бұрын тауар шамамен 25 күнде жетсе, қазір оның мерзімі белгісіз.

Оқи отырыңыз: Мыңдаған жүк көлігі мен вагон Қытаймен шекарада тұрып қалды 

Қытайдың құрлықтық бөлігінен Қазақстанға теміржолмен бір контейнерді тасымалдау құны бір жылда 4-5 есе өсті, ал автотасымал 5-6 есеге ұлғайды. Алдын ала мәлімет бойынша, қазір қазақстандық бизнес 170 миллиард теңгеге жуық шығынға батқан.

"Қазақстанның май-тоңмай одағы" қауымдастығының ақпаратынша, дәл қазір карантинге байланысты Циндао портынан Қытай тарапымен транзит толықтай тоқтатылған. Бүгінгі таңда портта Қазақстанға жеткізілуге тиіс азық-түлік шикізаты салынған контейнерлер тұр. Олар ол жерге 2021 жылдың сәуірінде келді. Басқа да экспедиторлық компаниялар осындай қиындыққа тап болды. Қалыптасқан жағдай шикізат тапшылығын тудырады, айналымнан қомақты қаржы шығаруға да әсер етеді. Өйткені тауардың ақшасы төленіп қойды, бірақ өзі әлі жеткізілген жоқ. Отандық өндірушілер Қытайда тұрып қалған шикізаттың орнына басқасын сатып алу үшін қосымша кредит алуға мәжбүр. Ал бұл өнімнің өзіндік құнына және тұтынушы үшін соңғы бағаға әсер етпей қоймайды", - деді Еспаева.

Бір қызығы, депутаттың айтуынша, Қытайдан транзит Қазақстан үшін ғана шектелген. Қазақстанға теміржол қатынасы уақытша тоқтатылғанына қарамастан, дәл сол Қытайдан Қазақстан аумағы арқылы Еуропаға транзит – ашық. Оның үстіне, Қытайдан Еуропаға теміржол арқылы жүк ағыны едәуір өсуде.

"Кәсіпкерлер жүкті көршілес Қытайдан Қазақстан аумағын айналып өту арқылы, яғни теңізбен Еуропа порттарына дейін, кейін Ресей және Еуропа аумағы арқылы теміржол немесе автокөлікпен жеткізуге мәжбүр. Немесе Иран, Каспий, Орта Азия арқылы. Міне, осындай парадокс. Мұны қалай түсіндіруге болады? Жауапты министрліктердің шала жұмысы деп пе?", - деп ашынды мәжілісвумен.

Еспаева неге әлі күнге дейін Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілмегенін сұрады.

"Министрліктерде бәлен қызметкер отыр, сыртқы сауданы дамытуға бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Алайда проблема шешімін табар емес. Біз импорттаушылардың көлік шығыны тұтынушы тұтынатын тауар мен қызметтер бағасының екі есе өсуіне әкеп соғатынын түсінуіміз керек", - деді ол.

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы Қытай тарапымен тез арада үкіметтік деңгейде келіссөздер өткізуді сұрады.

Жаңалықтар
0