Экономика

Ұлттық банк базалық ставканы өзгертті

© Sputnik / Владислав ВодневНациональный банк Казахстана
Национальный банк Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.09.2021
Жазылу
Әлемде азық-түлік пен шикізат бағасының өсуі экономикаға проинфляциялық қысым жасап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек –  Sputnik. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан банктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,50% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,50%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 8,50% болады.

"Базалық ставканы көтерудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, әлемде азық-түлік пен шикізат бағасының өсуі экономикаға проинфляциялық қысым жасап отыр. Оның электр энергиясы, газ бен жанар-жағармай бағасының өсуі де күшейтіп отыр. Содан жылдық инфляция 8,7 процентке дейін жетті", - делінген ресми хабарламада.

Бұдан бөлек, COVID-19-дың қайта өршуі әлемдегі іскерлік белсенділікті бәсеңдетіп, проинфляциялық процестерді күшейте түсті. Ал Халықаралық валюта қорының болжамдарына сәйкес, биыл вакциналау мен ынталандыру шаралары нәтижесінде әлемдік экономика тез қалпына келеді де, 2022 жылда бірте-бірте баяулай бастайды. Азық-түлік, шикізат, металдар мен автокөлік бағасы көтеріледі деген қауіп бар.

Азық-түлік инфляциясы баға өсуінің негізгі қозғаушы күші болып қала береді: тамыз айында оның көрсеткіші 11,4 процентке жеткен. Ал 2021 жылғы сәуірден бастап инфляцияның орташа айлық мәні соңғы 20 жылдағы орташа көрсеткіштен артық болып тұр. Әсіресе ұзақ сақталатын көкөніс бағасының күрт өсуі (картоп – 29,7%, сәбіз – 68,2%, қызылша – 124,0%) жылдық инфляцияны күшейтіп отыр. Жаңа егін түскенге дейін ішкі қорлардың сарқылуы жағдайында бұл өнімдерге бағаның ай сайынғы өсуі жазғы кезеңге тән емес рекордтық мәндерді көрсетті. Жем-шөп дақылдарының қымбаттауы салдарынан ет пен ет өнімдерінің бағасы да өсті (9,5%-ға). Күнбағыс майы (66,8%) мен зәйтүн майы (9,0%) қымбаттады. 

Ал әлемдік мұнай нарығын дамыту перспективалары өзгеріссіз қалды.

2021 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша Brent сұрыпты мұнай бағасы дельта штаммының таралуына және жаһандық экономикалық өсу қарқынының баяулауына байланысты 4,4%-ға төмендеді. АҚШ-тағы мұнай қоры төмендеп жатыр. Халықаралық энергетикалық агенттіктің жаңартылған болжамдарына сәйкес, 2021 жылы мұнайға сұраныстың өсуі бұрын болжанған көрсеткіштен төмен болады. Жыл соңына дейін мұнай нарығы салыстырмалы түрде теңдестіріледі деп болжанып отыр. 2021 жылдың қалған айларында және болжамды кезеңнің соңына дейін мұнай бағасы бір баррель үшін 60 АҚШ доллары болады.

Жыл соңында ішкі жалпы өнім аздап төмендейді деген болжам бар. Ал 2022 жылы экономиканың өсуі 4,1-4,4 процентті құрайды. 

"Қазақстан Ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме жөніндегі кезекті жоспарлы шешімі 2021 жылғдың 25 қазанында Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады", - дейді мамандар.

Жаңалықтар
0