Экономика

Банктер қазақстандықтар шотындағы ақшаны негізсіз алды – Бас прокуратура

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуЗнак процента
Знак процента - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.09.2021
Жазылу
Банктер кредит бойынша қарызы бар қазақстандықтардың шоттарындағы ақшаны негізсіз алып қойған. Заңсыз өндіріп алу фактілері тіркелген жағдайда қазақстандықтар қаржы нарығын реттеу агенттігінің аймақтық бөлімшелеріне немесе прокуратураға шағымдана алады

НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек — Sputnik. Қарыз алушылардың ақшасы банктер белгілеген лимиттен жоғары көлемде есептен шығарылды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Қадағалау органы банк кредиті мен қарызы бойынша азаматтардан артық ақша қаражатын ұстап қалу фактілерін анықтады.

Еңбек кодексінде және "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Заңда тиесілі жалақы мен зейнетақы сомасының 50%-інен астамын өндіріп алуға тыйым салынған.

Алайда банктер ("Kaspi Bank", "Еуразиялық банк", "Қазақстан Халық банкі", "Хоум Кредит энд Финанс Банк" АҚ) азаматтар шотындағы ақшаны бекітілген шектен жоғары көлемде есептен шығарған.

Мысалы, "Kaspi Bank" АҚ Өскемен қаласы тұрғынының еңбекақы алуға арналған банктік шоты бойынша "Қазақстан Халық Банкі" АҚ-ға төлем талабын жолдаған. Осы талап жеткенген дейін жұмыс беруші алимент төлемдері үшін еңбекақының жартысын ұстап қалған. Нәтижесінде барлық ұсталған сомадан кейін оның есеп айырысу шотында небәрі 16 мың теңге (25%) қалған. Сот шешімімен артық ұсталған сома талапкердің пайдасына өндірілді. Бірақ сот дауына 9 ай уақыт кетті.

Осы тектес фактілер Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталды.

Бас прокуратура бұл проблема ақша шотқа түскенге дейін жүргізілген атқарушылық іс жүргізу бойынша ұстаулардан банктер хабардар болмауының салдары екенін айтты.

Қарыз алушылар өздерінің жалғыз табыс көзінен заңсыз айырылып, халық наразылығын тудыруда.

Бас прокуратураның ұсынуы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі проблеманы мына шараларды қабылдау арқылы шешті:

  • клиенттің өтініші негізінде банктердің және сот орындаушының артық төленген соманы 5 жұмыс күні ішінде қайтару алгоритмі қолданысқа енгізілді;
  • Қазақстан банктерінің базасы атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланды.

Агенттіктің ақпараты бойынша, бұл банктерге клиенттерден қандай шегерім жасалғанын көруге мүмкіндік береді. Барлық кредиторлардың еңбекақы немесе зейнетақыдан жалпы ұсталынған сомалардың заңда белгіленген 50%-тен аспауын қамтамасыз етеді.

Заңсыз өндіріп алу фактілері тіркелген жағдайда қазақстандықтар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, оның аймақтық бөлімшелеріне немесе прокуратураға шағымдана алады.

Жаңалықтар
0