НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсы тапшылығы болады деп болжап отыр. 2030 қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ", - деді Тоқаев халыққа арнаған жолдауында.
Мемлекет басшысы үкіметке су пайдалануды реттеу және үнемдеу шараларын ынталандырудың нақты тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ алдағы уақытта 120 арнаны қайта жаңғырту жұмыстары басталады.
"Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда мен Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл ауқымды жоба, бірақ біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар. Атырау мен Маңғыстау облыстарының аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Астрахан-Маңғыстау магистральді су құбыры жаңғыртылады және Кендірлі кентінде су тұшытатын жаңа зауыт салынады", - деп атап өтті Тоқаев.
Осы орайда президент ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінсе де, ауыз мәселесінің әлі шешілмей жатқанын да ерекше атап өтті.
"Сондықтан өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – үкіметтің алдында тұрған басты міндет", - деді Тоқаев.