17:00 05 Тамыз 2021
Тікелей эфир
  • USD424.02
  • EUR502.76
  • RUB5.82
Экономика
Қысқа сілтеме алу
80 0 0

Жаңа келісімнің мән-жайы және посткеңестік кеңістіктегі мұнай өндіруші елдер – Қазақстан, Ресей және Әзербайжанға бұл қаншалықты тиімді екені туралы Sputnik материалында толығырақ

НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Үш апта бойы ОПЕК+ келісімне қатысушы мемлекеттер осы жылдың тамызынан бастап мұнай өндіруді ұлғайтуға қатысты қызу пікірталас жүргізді. Сауд Арабиясы квотаның баяу ұлғайтылуын қаласа, Біріккен Араб Әмірліктері мұнай өндірісін арттыруды талап етті. Мұндай текетірес бүкіл келісімге қауіп төндірді. Сондықтан сарапшылар қол жеткен ымыраның бұзылуы, баға соғысы басталуы мүмкін екені және мұнай құны ең төмен деңгейге дейін құлдырауы туралы қорқынышты болжамдар айта бастады.

Өткен жексенбіде мемлекеттер бір ымыраға келе алды – бірнеше сәтсіз кездесуден кейін картель келісім талаптарын бекітті.

Не жайлы келісті?

Өткен жексенбіде ОПЕК+ келісіміне қатысушы мемлекеттер бірінші тамыздан бастап мұнай өндірісін ай сайын тәулігіне 400 мың баррельге ұлғайту туралы келісімге келді. Жыл соңына дейін өндіріс көлемі тәулігіне 2 миллион баррельге артады.

Сонымен қатар мемлекеттер келісімнің ұзартылған мерзімі ішінде бірқатар елдер үшін мұнай өндіруді қысқарту базасын арттыру бойынша да келісімге келді. Осылайша 2022 жылдың мамырынан бастап Ресей мен Сауд Арабиясы өндіруді тәулігіне 500 мың баррельге, БАӘ шамамен 330 мың баррельге, Ирак пен Кувейт 150 мың баррельге ұлғайта алады.

Егер өндіру қарқыны сол деңгейде сақталатын болса, 2022 жылдың күзіне қарай бүгінгі күнгі тәулігіне 5,8 миллион баррель деңгейіндегі шектеу толығымен жойылады.

Мәміле келесі жылдың соңына дейін ұзартылатыны туралы келісімге келді. Егер нарықтағы жағдай қажет ететін болса, онда ОПЕК+ елдерінің бірлескен әрекеті 2022 жылдан кейін де жүзеге асуы мүмкін, деп мәлімдеді Сауд Арабиясының энергетика министрі ханзада Абдель Азиз бен Сальман Әл Сауд

"Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында Ресейдің вице-премьері Александр Новак ОПЕК+ елдерінің келесі кездесуі 1 қыркүйекте өтетінін хабарлады. Кездесу барысында нарықтағы жағдайға баға беріп, "қандай да бір түзетуші шаралар" қабылдануы ықтимал.

Сондай-ақ күзге қарай Иранға қатысты америкалық санкциялардың жай-күйі де анық белгілі болады. Егер ол санкциялар күші жойылып, Иран мұнайы нарыққа қайта оралатын болса, ОПЕК+ ұйымы мұнай өндіруді қайта баяулатуы ықтимал.

Одан кейін не болмақ?

Бұл қол жеткен келісім ОПЕК+ аясында мұнай өндірушілер мүддесін келісудің және нарықтағы тұрақтылықты қатамасыз етудің сенімді механизмін қалыптастыру мүмкін болғанын білдіреді, деп санайды ресейлік отын-энергетика кешені технологияларды дамыту институтының сарапшысы Дмитрий Коптев.

"Мұндай өндірудің ұлғайтылған көлемі жеткілікті деңгейде бірқалыпты және ол ұсыныс тапшылығын ұстап тұруға көмектеседі. 2022 жылдың мамырынан бастап 5 мемлекет үшін өндірудің негізгі деңгейі ұлғаяды, - деді сарапшы. – Мұнай жеткізудің артуы шикізат бағасының төмендеуіне алып келді. Осылайша бір баррель WTI бағасы маусымның басынан бері алғаш рет 70 долларға дейін арзандады. Алайда бағаның бұл төмендеуі ұзаққа созылмайды деп ойлаймыз. Себебі нарықтағы сұраныс тапшылығы сақталып отыр және дамыған елдерде қайтадан жаңа локдаундар енгізілмесе, сұраныс бағаны бұрынғы қалпына жылдам қайтара алады. Егер бұлай болмаса, өндіруді арттыру қайта тоқтатылуы мүмкін. Мысалы, Goldman Sachs инвестициялық банкі жыл соңына дейін Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 80 доллар шегінде болады деп күтіп отыр".

"УК Спутник — Управление капиталом" бас директоры Александр Лосев квотаны арттыру мұнайдың биржадағы баға қарқынына аса қатты әсер ете қоймайды деп санайды.

"Нарықтағы шикі мұнай тапшылығы қазірдің өзінде тәулігіне 1,5 миллион баррельді құрап отыр және ол ең алдымен Қытай мен Үндістан секілді дамушы елдер экономикасының өсім шамасына қарай арта береді, - деді ол. – Төмен баға жағдайында мұнай барлау, өндіру және мұнай сервистеріндегі инвестиция тапшылығы, сондай-ақ мұнай компанияларын капиталдан айырып отырған батыс қаржыгерлерінің "жасыл айқайы" жағдайды ушықтырып отыр. Дамыған елдердің орталық банктеріндегі ауқымды қаржы эмиссиясымен бірге әлемде шикізаттық суперцикл іске қосылды. Ол 2030 жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан мұнай бағасы бір баррель үшін 80-90 доллар шегіне жетіп, келесі жыл бойы осы көлемде болуының ықтималдылығы жоғары".

Александр Новактың айтуынша, келесі жылдың мамырында Ресей мұнай өндірісі бойынша дағдарысқа дейінгі деңгейге жетуі керек. Оның айтуынша, 60 доллар шегіндегі орташа баға аясында ресейлік бюджетке қосымша 400 миллирд рубль қаражат түседі.

Өз кезегінде "Райффайзенбанк" аналитиктері осы жылғы мұнайдың орташа бағасы бойынша болжамдарымен бөліскен шолуды ұсынды. Онда Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 68,7 доллар шегінде бағаланса, 2022 жылғы баға болжамы баррель үшін 68 доллар деңгейінде көрсетілген.

Sputnik сұхбат алған сарапшылар ОПЕК+ жаңа келісімі Әзербайжан мен Қазақстан сынды посткеңестік кеңістіктегі мұнай өндіруші елдердің валютасы үшін де тиімді болатынын атап өтті.

"Қазіргі жағдай мұнай мен жалпы энергия тасымалдаушы шикізат үшін сұраныс пен бағаның өсуіне ықпал ететіндіктен, экспорттаушы мемлекеттер қымбаттаған шикізатты сату арқылы қосымша табысқа кенелу арқылы тиімді жағдайда тұр, - дейді Дмитрий Коптев. – Энергия тасымалдаушы шикізатты импорттайтын тұтынушылар, керісінше, қосымша шығынға батады. Сәйкесінше петровалютаның (табиғи ресурстарды сататын елдердің валютасы – Sputnik) нығаюын, ал басқа валютаның әлсіреуін күтуге болады".

Картель қатысушылары қол жеткізген мұнай өндіруді біртіндеп ұлғайту сценарийі Қазақстан, Ресей мен Әзербайжан үшін ең тиімді нұсқа болып отыр. Бірақ кез келген жағдайға дайын болу керек, деп санайды Ресей ұлттық энергетика қауіпсіздігі қорының жетекші сарапшысы Станислав Митрахович.

"Егер баға соғысы басталса, онда өндірісті қалпына келтіруге дайын болу керек. Ал мұның соншалық тез бола қоюы екіталай. Сондықтан мұнай өндіруді мейлінше бірізді сипатта қалпына келтіру дәл біз үшін аса маңызды", - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, егер ОПЕК+ елдері бір мәмілеге келе алмаған жағдайда, бұл мұнай бағасының құлдырауына алып келер еді. Ал бұл өз кезегінде ресейлік рубль, әзербайжан манаты мен қазақстандық теңгенің девальвациясына себепші болар еді.

"Ал әзірше қазіргі баға Қазақстан, Ресей мен Әзербайжанға тиімді болып отыр. Ол біздің ұлттық валютамыздың нығаюына ықпал етіп отыр", - деді Станислав Митрахович.

"Бұрынғы КСРО-ның барлық елі үшін мұнай бағасының жоғары болуы тиімді, - деп келісті Александр Лосев. – Алайда бірқатар мемлекет өз қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге қауқарлы емес. Оның үстіне Орталық Азияда АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Қытай, Ресей, Парсы шығанағының монархиялары, Үндістан, Пәкістан мен терроризмге бейімделген мемлекеттік емес топтардың қатысуымен жаңа "Үлкен Ойын" басталғалы тұр".

Егер бұрынғы КСРО елдері қазір ЕАЭО аясындағы нақты интеграцияны бастамаса, онда бүгінде туындап отырған геоэкономикалық және әскери қауіп-қатерге барлығы бірдей төтеп бере алмайды, деп түйіндеді сарапшы.

Кілт сөздер:
мұнай
Загрузка...

Басты тақырып