Экономика

Қазақстанда аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау 1 қарашадан енгізіледі

© Photo : СС0 / Gerd AltmannОбувь
Обувь - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.06.2021
Жазылу
Бұған дейін аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетіні хабарланған еді

НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Қазақстанда аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау кейінге шегерілді, деп хабарлайды  Sputnik Қазақстан.

Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиеваның айтуынша, аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау 1 шілдеден 1 қарашаға ауыстырылды.

"Мұндай шешім сала өкілдерімен өткізілген кеңес нәтижесі бойынша қабылданды. 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап таңбаланбаған аяқ киімді өндіруге және ҚР аумағына әкелуге тыйым салынады. Ал бөлшек сауда бизнесінде таңбаланбаған тауарлардың қалдықтарын сату үшін 2022 жылдың 1 қарашасына дейін қосымша уақыт бар", - дейді Құрманғалиева.

Оның айтуынша,  аяқ киімді цифрлық таңбалауды шілде айынан бастап енгізу мәселесі талқыланғанда көптеген импорттаушы күз-қыс маусымына шетелдік өндірушілерден алдын ала жарты жылға ерте тауарларға тапсырыс беретінін айтқан. Ал көктемде берілген тапсырыс 1 шілдеге дейін Қазақстанға жеткізілмей қалуы мүмкін. Осыдан кейін осы шараны кейінге шегеру шешімі қабылданды.

"Енді нарықта жаңа нормаларға мұқият дайындалу үшін тағы бес ай және таңбаланбаған тауарлардың қалдықтарын сату үшін бір жылдан астам уақыт бар. Бизнес үшін тәулік бойы цифрлық таңбалау бойынша жедел желі жұмыс істейді. Цифрлық экономиканы дамыту орталығы үнемі мамандандырылған вебинарлар өткізеді, сала өкілдеріне жеке кеңестер береді", - деп атап көрсетті Құрманғалиева.

Аяқ киімді цифрлық таңбалау бойынша барлық ақпарат markirovka.kz порталында бар. Кез келген  кәсіпкер өзіне қажетті ақпаратты алып, алдағы өзгерістерге дайындала алады. Кеден қоймалары да міндетті цифрлық таңбалауды енгізуге даярланып жатыр. Алдағы уақытта кедендік рәсімдер кезінде шетелдік зауыттарда таңбаланбаған тауарға Data Matrix цифрлық коды бар стикерлер немесе этикеткалар жапсырылатын болады.

Айта кетейік, тауарларды цифрлық таңбалау – бұл ЕАЭО деңгейінде жүзеге асырылатын ұлтаралық жоба. Ал аяқ киім саласы елімізде міндетті цифрлық таңбалау енгізілетін алғашқы салалардың бірі. Осы шара нарықтағы контрафактілік өнімдерді азайтады деген жоспар бар. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша аяқ киімнің көлеңкелі нарығы жалпы көлемнің шамамен 48,5%-ін құрайды. Міндетті таңбалаудың арқасында осы көрсеткішті төмендетуге мүмкіндік бар. Ал тұтынушылар Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы таңбаланған тауардың түпнұсқалығын оңай тексере алады.

Жаңалықтар
0