Экономика

Кредитті төлеу мерзімін қалай шегеруге болады – маман кеңес берді

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги, тенге, купюры, банкноты
Деньги, тенге, купюры, банкноты  - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.06.2021
Жазылу
Кредитті төлеу мерзімін шегергенде қарыздың мөлшері де, сыйақысы да азаймайды, тек кейінге қалдырылады

НҰР-СҰЛТАН, 20 маусым — Sputnik. Пандемия басталғанда біраз адамның табысы төмендеп, кредит төлеуге мүмкіндігі болмады. Содан халық пен бизнестің кредиті үш айға шегерілген еді. Бүгінде коронавирус пандемиясы аяқталмаса да, шектеу шаралары біршама азайды, төтенше жағдайды да енгізудің қажеті жоқ. Алайда экономика дамудың даңғыл жолына әлі түскен жоқ. Демек, халықтың табысы да бұрынғы межеге жете қоймады, кредит төлеу жағынан қиындықтар болуы әбден мүмкін.

Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы Дмитрий Ақмаев кредит төлемін жеңілдету тәртібі туралы айтып берді.

"Адам кредитті уақытында төлей алмаған жағдайда төлем мерзімін шегеруден басқа да жолдар бар. Оны өзі ұсына алады. Бірақ ең алдымен кредит алған қаржы ұйымына барып, өтініш жазуы керек. Онда қарызды неге төлей алмайтынын ашық көрсетеді. Жұмыстан айырылып қалды ма, бизнесі тоқтап қалды ма, соның бәрін жазып, кредит төлеу мерзімін қайта қарастыруды сұрайды. Бірақ нақты себеп болуы керек. Онсыз банк өтінішті қарамайды", - дейді Ақмаев.

Оның айтуынша, кез келген себепті құжатпен растап беру керек. Мәселен, адам жұмыстан шығып кетсе, тиісті анықтаманы көрсеткен жөн. Ал табыстың азайғанын есепшоттың түбіртегімен дәлелдеуге болады.

"Сосын өтініш жазған адамның өзі ұсыныс жасай алады. Кредит төлемін кейінге шегере ме? Қайта қаржыландыру бола ма? Жоқ, әлде қарызды қайта құрылымдауды сұрай ма? Оны өзі біледі. Өтініш жазып ұсынады. Банк соның бәрін қарайды. Жаңылмасам, өтінішті қарау мерзімі 15-30 күн болуы керек. Сөйтіп, заңмен белгіленген уақыттың ішінде қаржы ұйымының жауабы жазбаша түрде берілуге тиіс", - деп атап өтті тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы.

Банк, микроқаржы ұйымы немесе ломбард өтінішті толығымен қолдауы мүмкін, я болмаса, кредитті төлеуге қатысты өз ұсыныстарын жасай алады.

Тағы оқыңыз: Басқа біреу сіздің атыңыздан кредит алса не істеу керек: қарыздан құтылу жолдары

"Негізі, кез келген қаржы ұйымы клиенттің кредитті төлеп отырғанын қалайды ғой. Сондықтан өтінішті қарағаннан кейін тығырықтан шығудың басқа да жолдарын ұсынуы мүмкін. Кредитті төлеу мерзімін белгілі бір уақытқа, бәлкім, одан да ұзақ мерзімге шегере алады. Қарызды қайта құрылымдау тетігі бар. Ондайда кредиттің проценттік мөлшерлемесін және ай сайынғы төлемін төмендетуге болады. Сосын қайта қаржыландыру шарасы қарастырылған. Бұл дегеніміз, ескі кредитті жауып, жаңасын рәсімдейді. Бірақ оның проценттік мөлшерлемесі төмен болады", - дейді Ақмаев.

Ал өтініште көрсетілген себептер расталмаса, қаржы ұйымы оны кері қайтара алады. Бірақ кредит алған адам қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне алады.

"Ондайда біз ол адамның өтінішін тағы қараймыз. Шынымен де, кредитті төлей алмаса, оған қолдау жасап, банкке ресми хат жібере аламыз. Сөйтіп, үшжақты келіссөздер жүргізіледі. Қарыз алушы мен қаржы ұйымы арасындағы мәселеге агенттік араласады. Ал қаржы ұйымы жеңілдік беруге үзілді-кесілді қарсы болса, соттың көмегіне жүгінуге тура келеді", - деді агенттіктің бас маманы.

Осы орайда агенттік өкілі маңызды бір мәселені атап өтті. Кредитті төлеу мерзімін кейінге шегергенде қарыздың мөлшері де, сыйақысы да азаймайды. Мәселен, кредит бес айға шегерілсе, осы уақыттың проценті мен қарызы кейінге қалады. Оны бәрібір төлеу керек.

Жаңалықтар
0